Алдағы республикалық референдум – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды тарихи сәт. Конституциялық реформалар арқылы Қазақстанның басқару жүйесі мен қоғамдық өмірінде тың өзгерістер жүзеге аспақ. Осындай жауапты кезеңде әр азаматтың белсенділігі мен таңдауы айрықша мәнге ие.
Қоғамдық талқылау барысында түрлі саланың өкілдері – мәдениет қайраткерлері, спортшылар, шығармашылық иелері – өз ойларын ортаға салуда. Олардың пікірінше, референдумға қатысу – тек азаматтық құқық емес, ел алдындағы жауапкершілік.
Эстрада әншісі Ұлықпан Жолдасов әлеуметтік желідегі жазбасында Конституциялық өзгерістер ел дамуына серпін беріп қана қоймай, мәдениет пен өнердің еркін өркендеуіне жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық руханиятты сақтау мен оны заман талабына сай дамыту – баршаға ортақ міндет.
Актер Ерболат Төлеген де 15 наурызда өтетін референдумның тарихи маңызын ерекше атап өтті. Ол заман ағымына сай Конституцияның жаңаруы заңды құбылыс екенін айтып, әр қазақстандықты белсенділік танытуға шақырды.
Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров жаңа Конституция жобасына дауыс беру – әр азаматтың саналы таңдауы мен жауапкершілігінің көрінісі екенін жеткізді. Өз сөзінде ол референдумға қатысатынын нақты білдірді.
Жазушы Бейбіт Сарыбай референдумды ел тағдырын айқындайтын саяси қадам ретінде бағалады. Оның пікірінше, бұл – мемлекеттің құқықтық негізін нығайтуға, азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарды бекітуге бағытталған маңызды шешім. Ол әр азаматтың таңдауы – ел болашағына қосылған үлес екенін еске салды.
Спорт әлемінің өкілдері де бұл бастамадан шет қалған жоқ. Олимпиада жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев спорттағы тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарын ел өмірімен байланыстыра отырып, әділ қағидаларға негізделген қоғам қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жеңіске жету үшін тәртіп пен ережеге құрмет қажет болса, мемлекет дамуы үшін де ортақ қағидаларды қолдау маңызды.
Тағы бір танымал дзюдошы Әбиба Әбужақынова өмірдегі жауапкершілікті татамидегі белдесумен салыстырды. Ол табысқа жету адалдық пен табандылықтан басталатынын айтып, референдумды ел болашағына әсер ететін маңызды таңдау деп бағалады.
Шахматшы Бибісара Асаубаева да еліміздің тұрақтылығы мен ілгері дамуына бағытталған реформаларды қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, халықаралық аренада ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік, ал мемлекет дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы.
Осылайша, түрлі сала өкілдері референдумды елдің келешегін айқындайтын маңызды қадам ретінде бағалап отыр. Шешуші сәтте бейжай қалмай, өз ұстанымын білдіру – саналы қоғамның белгісі. Себебі әр дауыс – болашаққа бағытталған нақты әрекет.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.