Сарапшылар мемлекет басшысының сұхбатындағы негізгі тезистерді талқылады

Сарапшылар мемлекет басшысының сұхбатындағы негізгі тезистерді талқылады
Астанада 2024 жылғы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 3 қаңтардағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатына арналған «ХХІ ғасырдағы Әділетті Қазақстан: жаңа жетістіктер мен даму перспективалары» атты дөңгелек үстел форматында сараптамалық талқылау өтті, деп хабарлайды Turkistan Today.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институты және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртаза Самат Русланұлы құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Пұсырманов Нұрбек Серікұлы, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты директорының міндетін атқарушы Сәбитов Жақсылық Мұратұлы баяндама жасады.

Ойталқыда ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Қазақстандық қоғамдық даму институты, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, Еуразиялық интеграция институты, Мемлекет тарихы институты сияқты отандық талдау құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Сарапшылар өз тезистерінде Мемлекет басшысының сұхбатындағы негізгі месседждер халық арасында өзекті екенін және ағымдағы жаңғырту күн тәртібін толық көрсететінін атап өтті.
Бұл ретте, Еуразиялық интеграция институтының ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы, т.ғ.к. Арман Ешмұратов Әділетті Қазақстанның жаңа дискурсында сапалы сараптамалық толықтыру қажеттігін ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров саяси институттарды одан әрі нығайтуға және халықтың елдің тұрақты дамуына белсенді саяси қатысуының маңыздылығына назар аударды. Өз сөзінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры Аяулым Сағынбаева Қазақстанның демографиялық дамуын талдай отырып, адами капитал сапасының өзектілігіне назар аударды, бұл Қазақстан Республикасы Президентінің сұхбатында көрініс тапты.
Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев социологиялық өлшемдерде тіркелген президенттік институтқа деген қоғамдық көңіл-күйдің оң динамикасын атап өтті.

«Дөңгелек үстел» барысында Жошы Ұлысының 800 жылдығын атап өту аясында зерттеу тобының әзірлеген «Қазақ хандығы тарихындағы Шибандар (Шейбандар, Шайбақтар) Әулеті (Ібір-сібір, Дешті-қыпшақ, Мәуереннахр аймақтарында)» атты ұжымдық монографиясының салтанатты тұсаукесері өтті. Монографияда жоба аясында зерттеу тақырыбына қатысты анықталған және тарих ғылымында бұрын қолданылмаған жаңа еңбектер, мұрағат құжаттары, карталар мен иллюстрациялар қамтылған.
Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылыми-талдау ұйымдарының қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері, ЖОО және ҒЗИ ғалымдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0