СССР суретшілер одағы басқармасына сайланған қазақ

СССР суретшілер одағы басқармасына сайланған қазақ
Әйгілі суретші Орал Таңсықбаев құрдасы, қадірлесі Ә. Қастеев екеуінің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Бір заманда өмір сүріп, бір салада тер төккен қос тума талант әр кездері араласып-құраласып жатқан туысқан екі республиканың Суретшілер одағы басқармаларын басқарды, тыңнан жол іздеп, талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың атында музей, оқу орындары, көшелер бар. Ал соңында қалған мұрасы еліміздің және өзге елдердің музейлерінде, жеке коллекцияларында сақтаулы. Шын мәнінде, Орталық Азияның атын әлемге танытқан қос график суретшінің, ұлт бейнелеу өнерінің басында тұрған кескіндемешілердің сіңірген тарихи еңбегі ұшан-теңіз. Тіріні, соның ішінде адам баласын бейнелеуге қатысты діни наным мен қасаң пікірдің өзін өзгерту үшін қаншалықты қайрат-жігер жұмсауы керек болды. Олар осы жолда бойындағы таланты мен жиған-терген білімін аямай, жаңашыл бейнелеу өнері мектебінің негізін қалады.

Орал Таңсықбаев 1904 жылы дүниеге келген. Ол әкесі істеген зауыт жұмысшыларының тынымсыз ауыр тіршілігін көзбен көріп өсті. Кейін ер жеткен соң өзі де қара жұмысқа жегіліп, өмір мектебінен өтті. Алғашқы этюдтерін, суреттерін осы шақта сала бастайды. Ол басында Ташкент музейі жанындағы көркемсурет студиясына (1924-1928), кейін Пенза көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Ұстазы - суретші Н. Розанов. Ол атақты И.Репин мен Н.Петровтың шәкірті еді. Бұл болашақ суретшінің кәсіби шеберлікті мықтап меңгеруіне жол ашты.
Оралдың тұңғыш елеулі жұмысы - “Өзбек портреті". Мұны өнертанушылар жас суретшінің шығармашылық кредосы деп есептейді. Суретте досы А.Тәшкенбаев бейнеленген. Басына қара жиекті қызыл тақия, үстіне сары жолақты алқызыл шапан киіп, белбау таққан оның қоңырқай жүзі, кең маңдайы, шырақтай жанған жанары бірден есте қалады. Сол қолындағы шәйнек пен оң қолымен ұсынған пияладағы көк шәйі Ташкенттің дәстүрлі қонақжайлығын, досқа сый-құрметті аңғартқандай. Ал тандыр нан мен жүзім бояу түсімен астасып, сезімді, көңіл-күйді жеткізіп тұрғандай әсер береді. Иә, бұл - Орал Таңсықбаев қылқаламынан туған әлемдік деңгейдегі қайталанбас өнер туындысы.
Совет кезеңінде шынайы шығармашыл адамға өз орнын табу қалай қиын болса, О.Таңсықбаевқа сурет әлемінде топ жару оңайға түспеді. Талап пен өнер мүддесі көкейкесті тақырыпқа маңайлата бермеді. Кейде шартты декоративизмге бой алдыруға тура келсе де, кескіндеме саласындағы идеялық-бейнелік мазмұннан алыстамады. Тар заманның сыны мен сынағына төтеп бере білген Орал Таңсықбаев 30-жылдардың ортасында пейзажға көңіл бөле бастайды. 50-жылдардың ортасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріндегі тылсым табиғат көріністерін, жер-жерде қайталанбас ортаның ерекшеліктерін кескіндеме тілімен баяндалады.
Суретші қоғамнан тыс өмір сүре алмайтыны белгілі. Соғыс тақырыбына арнаған жұмыстарында да шындық менмұндалап тұрды.

1938 жылы О.Таңсықбаев Алматыға арнайы шақырылды. Оған Абай атындағы опера және балет театры ұлтымыздың тұңғыш балеті - “Қалқаман-Мамырды” көркемдік жағынан безендіру сеніп тапсырылды. Халық эпосының мазмұнына сай жасаған костюмдері мен декорация эскиздерінде ғасырлар бойы сақталған қазақтың асыл мұрасы заманға лайықталып шығармашылықпен игерілді. Бұл - алғашқы тәжірибе еді. Сахна шымылдығындағы ұлттың жаужүрек жігіттері мен ару қыздарының бейнесі көрерменге ерекше әсер етті. Ол жаңа өнердің ежелгі халық дәстүрінен бастау алатынын ұқтырды.
Орал Таңсықбаев көне шығыс халқында кең тараған ғашықтық дастан желісімен “Ләйлі мен Мәжнүн” триптихын салды. Қос ғашықтың ортасына батыр әрі сенімді жауынгер Науфалдың суретін бейнелеп, сенімді, бекзаттықты, достықты асқақтата алды.
Оралдың маңызды туындыларының бірі - “Сырдария” картинасы. Орталық Азияның күре тамырындай өзеннің понорамасы, оның жағалауындағы егіс алқабы, қалың орман-тоғай, бұралаңды кеңістік назарды алыстағы тау баурайына аударып, ақыр соңында көкпен ұласып кетеді. Пейзажда адамдар көрінбесе де тіршілік тынысы көзге ұрып тұр. Ал кісілер сұлбасын қиялыңмен қалай елестеткеніңді өзің де білмей қаласың.
1956 жылы ол Орталық Азияны жедел индустрияландырудағы гигант жоба - Қайраққұм ГЭС-і құрылысына барады. Сырдарияны бөгеген соң, көп шақырымға созылатын үлкен Қайраққұм теңізі пайда болды. Осы пейзажды салуда ол суретшілік қабілетін сарқа жұмсады. Судың көк түсіне кереғар қоңыр белдеулер, қоңырқошқыл құм мен қайрақ іспетті сұрқай тастар - бәрі қаз қалпында көз алдыңа келеді. Мөлтілдеген су беті күн нұрымен шағылысып, кеңістікті ұлғайтып жатқандай. Қырда жұмыс істеп жатқан эксковатор, тосқынға жақындаған кран арқылы құрылыстың жүріп жатқанын сездіреді. Рауандаған таңдағы таза ауаны нағыз суретші ғана бейнелей алатынына көзіңіз жетеді.
Осы картина 1957 жылы Бүкілодақтық көркемөнер көрмесінде ең үздік пейэаж деп танылады. Қазан төңкерісінің 40 жылдығына арналған бүкілодақтық көрмеде және Брюссельдегі Дүниежүзілік көрмеде күміс медальге ие болды.

Совет өнері тарихында Орал Таңсықбаев монументальдық, реалистік, лиро-эпостық образдардың авторы, тақырыптық пейзаждық картиналар салған суретші ретінде қалды.
Ол - Өзбек ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1954 жылы СССР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болды. 1957 жылы Бүкілодақ Суретшілері бірінші сьезінде СССР Суретшілер Одағы басқармасы мен секретариаты құрамына сайланған. Бұл бұрын-соңғы тарихымызда болмаған жағдай еді. Талантына еңбексүйгіштігі мен кішіпейілдігі жарасқан Орал Таңсықбаевты қазақ ұлтынан басқа өзбек, кавказ халықтарының өкілдері де мақтан тұтқан. Совет елінің түкпір түкпірінен іздеп келген замандас әріптестері оны қазақ-өзбек достығының дәнекеріндей көрді, жаңа еңбектеріне куә болды.
Суретшінің 120 жылдық мерейтойы лайықты өтуі үшін кезінде қолдан қолға өтіп кеткен мұрасын түгендеп, көрмелерін ұйымдастыру, елге таныстыру орынды деп ойлаймыз. Өйткені, қалың көпшілік Орал Таңсықбаевтың, оның өмірі мен шығармашылығынан хабарсыз екені жасырын емес. Сондықтан, өнертанушылар бірегей тұлғаны тыңғылықты зерттеуді қолға алса әлі де кеш емес деп ойлаймыз.
Жалпы, үлкен қалаларда шығармашыл адамдарға арнап “Талант” саябағы ашылса жөн болар еді. Онда жазылатын таланттылардың нақыл сөздері, айтқан өсиеттері дарынды жастардың, болашақ жазушы, суретші, композиторлардың өзге де дарын иелерінің кездесіп танысуына, сұхбаттасуына, тынығуына, шабыттануына септігін тигізері сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
1