Су тасқынына дайындық қалай?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Әртүрлі 14 ақпан, 2024

Су тасу маусымы жақындап келеді.

Қазірдің өзінде-ақ Шығыс Қазақстан мен Атырау облысында елді мекендерді су басты деген хабарлар шыға бастады. Бұл қысқы табиғатқа тән емес оғаштау құбылыстар. Сонысымен де биылғы маусымның күрделілігін аңғартып отыр, деп хабарлайды Turkistan Today.

Қауіп қызыл судан

Қазақ ең алғашқы еріп тасыған қар суын "қызыл су" деп атайды. Бір қызығы оның қарқыны қатты, адуыны күшті келеді. Жолындағыны жайпап өтеді. Шығыс Қазақстан облысындағы оқиғаны соның алғашқы лықсуы деуге болады. Қысы ұзақ өңірде ақпан айының ортасында бұлай қар еруі сирек құбылыс.

"Өңірде қардың толассыз жауғанына бірнеше күн болды. Соның салдарынан еріген қар суы Өскемендегі Ахмер кентіне, Катонқарағай ауданындағы Алтынбел ауылындағы көшелерге кірген. Зайсан қаласындағы Жақсылықов, Ноғайбаев, Малдыбаев көшелерін де басқан. Қазіргі уақытта су сорылып, жағдай бақылауға алынды. Абырой болғанда, үйлерге су кірген жоқ. Тек 13 ақпанда Күршім ауданы Бурабай ауылындағы Ұлан көшесінде жер үйдің ауласына су кірді. Бұл үйде жалғызбасты қарт әйел тұрады. Қазіргі уақытта сол жерге құтқарушылар мен арнайы техника барып, тиісті жұмыстарды жүргізуде", - деп хабарлайды ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Атырау қаласында да жағдай осындай. Қалың қардың еруі салдарынан 12 ақпанда көшелерді ішінара су басқан. Әкімдіктің мәліметінше, оны тазартуға 21 арнайы техника жұмылдырылып, 2000 текше метрден астам су шығарылған. Мұндай жағдай еліміздің қай өңірінде де кез-келген уақытта орын алуы мүмкін.

Мәселен, Төтенше жағдайлар министрлігі қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын және қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтарды 3 қауіп-қатер дәрежесіне бөліп отыр. Олар - қауіп-қатері жоғары: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстары, қауіп-қатері орташа: Жамбыл, Павлодар және Жетісу облыстары және қауіп-қатері төмен: Маңғыстау және Қызылорда облыстары.

Ақпан жылы болады

Ылғал қоры мен ауа температурасы жоғары болса, қауіп-қатер де жоғары болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің биылға болжамы осыған саяды. Өйткені, заңдылығында тасқын су өз бетінше ашып кету үшін қар мен мұз күндіз еріп, түнде қатуға тиіс. Ол үшін күндіз жылы, түнде аяз болу керек. Бірақ, көптеген өңірлерінде ақпан айында ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжануда. Одан бөлек еліміздің орталық және батыс бөлігінде орналасқан өзен алаптарындағы ылғал қорының көлемі көпжылдық орташа мәннен төмен болса, солтүстік бөлігінде ол мәннен жоғары екен. Сол сияқты Атырау, Қостанай облыстарында, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтілуде.

"Күз мезгілінде жүргізілген өлшемдерге сәйкес, жазық жерлердегі топырақтың ылғалдылығы көпжылдық орташа мәндерден жоғары болды. Оған қоса, өзен алаптарындағы қардың жиналу қоры ақпан және наурыз бойы жалғасатындықтан, көктемгі тасқында күтілетін нақты су көлемі нақты белгісіз. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік бөлігіндегі кейбір таулы өзендердің аңғарында ылғалдану кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа мәнге жақын және одан жоғары. Ақпанда ауа температурасының жоғарылауынан және қатты жаңбыр жауған жағдайда Қазақстанның оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы таулы өзендер бойында жоғарыдан еріген қар мен жаңбырдың әсерінен су тасқыны болуы ықтимал. Қазіргі уақытта қардың жиналу процесі әлі жалғасып жатыр", - дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы Асқар Аманжолұлы.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық үшін елді мекендердің айналасына қорғаныш бөгеттерін салу, авто және теміржол жолдардың астындағы құбырларды жөндеу және тазалау, қар шығару жұмыстары жүргізілуде екен. Гидротехникалық құрылыстарды, нөсерлі-кәріз жүйелерін, арық-дренаж жүйелерін салу және жөндеу, жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату мен автожол учаскелерінде көпірлерді реконструкциялау жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, су басу қаупі бар аймақтарда өзен арналарының жағаларын нығайту, түзету, тереңдету және тазарту жұмыстары жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, ТЖМ толықтай дайын отыр. Ал Су ресурстары және иррегация министрлігі үшін биылғы су тасу маусымы алғашқы сынақ болмақ. Олар басты назарды гидротехникалық құрылыстардың жағдайына салып отыр.

"Елімізде 1502 гидротехникалық тірек құрылыс бар. Олар – су қоймасы, дамба, бөген, гидроторап, тоған сынды нысандар. 2023 жылы қараша айында су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында барлық бассейндік инспекция, төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, сондай-ақ меншік иелерімен бірлесіп осы құрылыстарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша актілер жасалып, нысан иелеріне тасқын сулардың қауіпсіз өтуіне дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша ұсынымдар берілді. Бүгінгі таңда 22 нысанға көп факторлы зерттеу жүргізілген болса, республикалық меншіктегі 15 нысан бойынша қауіпсіздік декларациялары алынды, оның ішінде 2023 жылы – 11 нысан көп факторлы зерттеуден өткен. Бұдан бөлек, министрлік бүгінгі күні жобалық көлемі 100 млн текше шақырым суды құрайтын 54 ірі су қоймасына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Олардың орташа толымдылығы шамамен 30-50%", - дейді СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма маманы Ғалымжан Камбарбекұлы.

2023 жылғы су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар ТЖМ-мен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізбесіне түзету енгізіп, мәліметтерін нақтылаған екен. Нәтижесінде, ондай жерлердің саны 1 079 екені анықталыпды. Бұл ретте, іске асырылған су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 228 елді мекеннен қауіп алынып тасталғанын атай кету керек. Ал 634-інде қауіп барынша азайтылған. Онда 583 479 адам тұратын 128 525 үй орналасқан.

Су тасу оңтүстікте ерте басталады

Қазақстан күрт континенталды географиялық белдеуде орналасқандықтан оңтүстік өңірде күн 30-40 күн бұрын жылиды. Сол себеп те дәл қазір басты назар да Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында. Мәселен, Әулиеата аймағында 6 елді мекенді су басу қаупі болса, Сыр өңірінде мұндай аймақтар саны – 29. Ал Түркістанда жағдай анағұрлым жақсырақ сияқты. Жеке-жеке тоқталып өтер болсақ, Жамбыл облысында биыл қар қалың, әсіресе, Қордай (25 см) және Жуалы (18 см) ауданында. Ал Шу және Мойынқұм аудандарында топырақтың қатуы терең. Осылардың бәрі ертең ерір болса, әрі оларға жаңбыр суы қосылса, Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейі көтеріліп, елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басуы ықтимал.

"Қазіргі таңда көктем айларындағы төтенше жағдайларды жою үшін 5 390 адам, 781 техника, 112 су айдау құралы, 2 ескекті қайық, 309 су өткізбейтін комбинизон, 71 жоғары өтімді техника, 39 мотопомпа, 18 жүзу және 492 байланыс құралы дайындалған. Тараз қаласының аэропортында ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның ЕС-145 "Еврокоптер" тікұшағы да кезекшілікте тұр", - дейді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков.

Ал Қызылорда облысында су басу қаупі жоғары 29 елді мекенде 21 мыңнан астам тұрғын үй бар, онда 130 367 халық тұрады. Сондықтан мұндағылар күні-түні мониторинг жұмыстарын жүргізіп, сақадай сай отыр. Сырдария өзенін арнасынан тасыған жағдайда алдын алу және салдарын жою жұмыстарына 116 мекеме, 364 бір­лік техника мен 1 102 қызметкер жұмылдырылмақ. Қазір 25 бір­­лік арнайы техника, 4 жүзу құралы, 33 мотопомпа дайын тұр.

"Бұған қоса, су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор бойынша 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 дана қап, 17 710 бау қамыс, 5 865 дана пашын мен 239 тонна қойтас және 2 381 дана қарабура инертті материал жинақталды. Тасқын кезінде халықты шұғыл эвакуациялау мақсатында барлығы 59 жинау-эвакуациялау пункті және 68 қабылдау пункті дайын. Осы арқылы табиғаттың тосын мінезін еңсеруге әзірлік жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр деп айта аламын. Сондай-ақ, "Қазавиақұтқару" акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес 1 тікұшақ жұмылдырылатын болады", – деді бұл жайында облыстық ТЖД бас­тығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов.

Түркістан облысында ахуал әлдеқайда қауіпсіздеу деуге болады. Бірақ, сонда да болса, мұндағылар қамсыз емес. "Қазгидромет" РМКның қаңтар-наурыз айларына жасаған болжамында: "Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт сынды таулы аймақтарда қаңтарда түскен жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болды. Ал облыстың барлық аймағында ақпан айында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болады" деп көрсетілген екен. Соған сәйкес, таулы аймақтағы және Арыс, Бадам, Боралдай, Келес бассейндік өзені бойындағы Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Арыс, Бәйдібек, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Келес аудандарының қауіпті учаскелері қайта зерделеніп, қажетті алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

"Биыл облыстан бұрын Түркістан қаласын су басып қалуы мүмкін. Өйткені, қазір құрылысы жүріп жатқан "Шаға" каналының Шымкент тас жолы астынан өтетін су өткелі және одан әрі "Жеті көл" ойпатына қосылатын арнасы жоқ. 2012 жылы соның салдарынан ақпанда тау бөктеріндегі жиналған қар еріп, сай-саламен Шаға арнасына түсіп, Түркістан қаласын қызыл су басып қалған еді. Ынтымақ Шаға, Бершін төбе, Бабайқорған елді мекеніне су кіріп, 14 көше мен 285 үй, 153 ауланы су басып зиян келтірді, 1000-нан астам тұрғын эвакуацияланды", - дейді Түркістан облысы ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешев.

Оның айтуынша, тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна ЖЖМ қоры мен 40 млн теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құрал-сайманы: 38 техника, 5 қайық, 116 мотопомпа, "Тұран су" мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайын тұр. Биылғы көктемгі су тасу маусымына дайындық барысы осындай. Десе де, "апат айтып келмейді", тек ел аман, жұрт тыныш болсын!

2.3k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.