Түркістан облысы, Арыс қаласында Қазақстанның көлік және логистика саласындағы жаңа әрі ауқымды нысан іске қосылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, көлік-логистика саласын дамыту тапсырмасы бойынша жүзеге асты,- деп хабарлайды turkistan.today
Жаңа орталық ТМД елдерімен ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын Азия мен Еуропа елдерімен сауда байланыстарын күшейтуге бағытталған. Бұл азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және көлік шығындарын қысқартуға ықпал етеді.
Транспорттық-логистикалық орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, бұл кешеннің теміржолшылар қаласы саналатын Арыста орналасуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Ең бастысы - арыстықтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.
«MEGA-AGAT» компаниясының директоры Әлішер Рүстембектің мәлімдеуінше, жоба құны 4 миллиард теңгені құраған. Орталық заманауи технологиялармен жабдықталған және Еуропалық талаптарға сай салынып, логистика саласындағы жоғары стандарттарға жауап береді. Арыстың тоғыз жол торабы саналатын стратегиялық орналасуы бұл кешенді аймақтық және халықаралық тауар айналымы үшін тиімді хабқа айналдырмақ.
6 гектар аумақты қамтитын кешеннің қоймалары 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның 14 000 шаршы метрі қатты заттарды сақтауға арналған болса, 3 000 шаршы метрі көкөністер мен басқа да тез бұзылатын өнімдерге арналған арнайы желдеткіш жүйесімен жабдықталған.
Мұнда теміржол кіреберіс жолдары және транспорттық-логистикалық орталығының жүк тасымалын ұйымдастыру бекеті бар. Сонымен қатар кедендік қызметтер де жедел әрі тиімді түрде ұйымдастырылған. Бұл шешімдер Арыс қаласының тек Қазақстан ауқымында емес, халықаралық сауда желісіндегі маңыздылығын арттырып, оны заманауи логистикалық орталыққа айналдырады.
Сондай-ақ «Мега-Агат» ЖШС базасында күнбағыс, мақта және мақсары майын шығаратын зауыттың капсуласы салынды. Автоматтандырылған май экстрациялық кешенінің инвестициялық құны – 9 миллиард теңге. Зауыт күн сайын 500 тоннадан астам күнбағыс майын шығарады. Жоба аясында жергілікті 150 тұрғын жұмыспен қамтылады.
Зауыт сапалы пісте майын өндіруге бағытталады және заманауи технологияларды пайдалана отырып, өндіріс үдерісінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.