Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен ресми кездесу өткізді,- деп хабарлайды turkistan.today
Жүздесуде тараптар екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ өңірлік серіктестікті кеңейту жолдарын талқылады. Кездесу барысында инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп және туризм салаларындағы ықпалдастықты дамыту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды.
Облыс әкімі мәртебелі мейманға Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық әлеуеті мен стратегиялық бағыттары жөнінде кең көлемде баяндап, әсіресе энергетика, туризм, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы жобаларға ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
– Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде елімізде Кореяның алпауыт компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Түркістан облысы Кореяның ірі KITA сауда ассоциациясымен тығыз әріптестік орнатқан. Соның нәтижесінде өңірімізде екі ауқымды жоба іске асырылуда. Сонымен қатар біз білім беру, агроөнеркәсіп және денсаулық сақтау салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға ниеттіміз. Кореяның озық тәжірибесі мен заманауи технологиясы біз үшін құнды әрі үлгі боларлық, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу аясында Түркістан қаласында ашылған Woosong IT университеті мен Сайрам ауданында салынып жатқан 1000 МВт бу-газ электр станциясы сынды маңызды жобалар кеңінен сөз болды. Аймақ басшысы бұл бастамалар екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықтың нақты жемісі екенін атап өтті.
Өз кезегінде Корея Республикасының Елшісі Чжо Тэ-Ик Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктес ретінде қарастыратындарын жеткізді. Ол Түркістан облысындағы серпінді жобаларға оң бағасын беріп, Корея тарапының өңірмен арадағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты.
Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді. Екі жақ та өзара тиімді жобаларды қолдауға және серіктестікті нақты істермен бекемдеуге дайын екендерін атап өтті.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.