Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қала тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Бүгін облыс басшысы Сауранға жасаған сапары аясында тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелердің шешілу жолдарын саралады. Мәжіліс барысында жауаптыларға өлкенің әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталып, жүйелі жұмыс жүргізуді міндеттеді,- деп хабарлайды turkistan.today
– Бүгін сіздермен көне Жібек жолының жауһары, ежелгі өркениет тоғысқан Сауран өлкесінде жүздесіп отырмыз. Мемлекет Басшысының жарлығына сәйкес, аудан, қалаларда тұрғындармен кездесулерді ұдайы жүргізіп келеміз. Сондықтан ашық диалог алаңында көкейде жүрген сұрақтарыңызды қойып, белсенді болуларыңызды сұраймын. Сауран ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тоқталсақ, өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 12 елді мекенде құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске асқан. Соның нәтижесінде Бабайқорғанда заманауи спорт залы салынды. Ал Ескі Иқанда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ауданға қарасты 12 ауылдың 29 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Жалаңтөс елді мекенінде медициналық бекет салынса, Шаға және Бостандық елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен өткен жылы 19 жоба қаржыландырылды. Биыл 244 жобаға қаржы бөлу жоспарлануда. Білім саласына қатысты ауданда «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 600 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Өткен жылы бұл аудан әлеуметтік-экономикалық даму бойынша оң өсімге қол жеткізіп, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2,1 есеге артып отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім көлемі 89,8 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстары 41,9 пайызға артқан. Ауданға қарасты Шорнақ ауылында спорт кешені салынуда, оған қоса Бабайқорғандағы кітапхана құрылысы биыл тамыз айында ел игілігіне берілмек. Ал Қарашық елді мекеніндегі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Айта кетсем, бүгінде аудан орталығында 500 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күннің басты мәселесі «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы екені баршаңызға белгілі. Бұл науқан Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Сондықтан маңызды жобаға барлығымыз біркісідей атсалысуымыз керек. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген сөзді негізге ала отырып, тұрғындарды ауданның тазалығына, өз үйінің аулаларын, айналаны көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырамын. Таза қоғам мен таза ел болу өзімізден басталады, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға ауданның дамуы жолында жүйелі жұмыс тәртібін орнатып, еңбектену қажеттігін алға тартты.
Мәжілісте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылы жүзеге асатын жоспарларды баяндады.
Бүгінде Сауран ауданындағы өндірістік паркінде 10 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тағы 29 жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін іске қосылып, онда 1 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Туризм саласында 254 инвестициялық жоба іске қосылып, мұнда 4162 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Айта кетсек, мұнда 54 тарихи нысан бар, өткен жылдың көрсеткішімен ауданға келуші туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Сауран ауданының өндірістік әлеуеті жоғары. Ауданға қарасты 5 елді мекеннен өндірістік алаңдар ашу көзделуде.
Сауран ауданының негізгі даму драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өлкеде сүт фермалары, мақта өңдеу зауыты, мал бордақылау алаңы, көкөніс сақтау қоймалары сынды бірқатар ірі жобалар іске асқан.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылады.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.