Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активінің қатысуымен мәжіліс өткізді. Оған басқарма басшылары, аудан әкімі және өзге де жауапты тұлғалар қатысты. Өңір басшысы ауданды дамыту жұмыстарын жандандыру маңызды екеніне тоқталды,- деп хабарлайды turkistan.today
– Бүгін біз Созақ ауданын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аудандағы өзекті мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. Ауданның экономикасы уран өндірісіне тікелей тәуелді. Осыған байланысты, салалық басқармалармен бірлесіп, экономиканы әртараптандыру жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Аграрлық салаға инвестиция тарту жұмыстары төмен деңгейде. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетіліп жатқанда ауылдық округ әкімдері тарапынан жауапсыздыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты 10 күн ішінде әр ауылдық округ кесіндісінде 2025 жылға жоспарланған жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармамен келісіп, Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерді орындауға салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін. Біздің басты мақсатымыз – Созақ ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, аудан тұрғындары үшін жағдай жасау. Ол үшін бәріміз бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға тапсырмалар берді.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жергілікті бюджет кірістеріне биылғы бес айда 15 млрд. теңгеден астам қаржы түсіп, жоспар 3 млрд. 404 млн. теңгеге артығымен орындалды. 5 айдың қорытындысымен ауданда 380 млрд. 702 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,3 пайызға немесе 88 млрд. 609 млн. теңгеге артты. Аудан экономикасына 81 млрд. 509 млн. теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 156,4 пайызға немесе 29 млрд. 397 млн. теңгеге артқан. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Шолаққорған-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 7 арнайы техника, «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 20 техника сатып алынған. Аудан орталығының аумағы 5 секторға бөлініп, ондағы 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілген. Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында 27 500 ағаш көшеті отырғызылған.
Мәжілісте жауапты басқарма басшылары мен облыс әкімі аппаратының өкілдері өз салалары бойынша ауданды дамыту бағытындағы олқы тұстарды баяндады. Облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Межені орындамаған ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалып, сын-ескертпе айтылды. Әлеуметтік саланы дамыту, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Созақ орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемелекеттік мекемесі» КММ-нің сексеуіл алқабында болып, көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Егілген сексеуілдердің жай-күйімен танысып, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді. 2021 жылдан бастап 24700 га алқапқа 29 млн. 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Жұмыстар жалғасады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.