Түркістан облысындағы «Балауса» жазғы лагерінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты мерекелік іс-шарасы өтті,- деп хабарлайды turkistan.today
Табиғаты әсем, балаларға барлық жағдай жасалған демалыс аймағында 10 бағыт бойынша іс-шаралар, сайыстар ұйымдастырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалармен жүздесіп, сайыстарын, көрмелерін, өнертабыстарын тамашалап, бірге асық ойнады. Балаларды төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Балалар – біздің өміріміздің мәні. Сондықтан олардың бақытты балалық шағына бәріміз жауаптымыз. Оқушылардың қауіпсіз ортасы, сапалы білімі мен тәрбиесі – біздің басты назарымызда болуы тиіс. Қазіргі таңда облысымызда да бала құқығын қорғау, денсаулығын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа білім ордалары бой көтеріп, шығармашылық пен спорттық орталықтар ашылып жатыр. Биыл облыста 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 40 мыңға жуық оқушы тегін спорт, өнер үйірмелерімен қамтылуда. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам балаға қолдау көрсетеміз. Жаз айларында 31 жазғы сауықтыру лагері 43 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Сондай ақ бюджеттен қаржы қаралып, жаңа 52 модулді лагер соғылып, қосымша 7500 баланы қамтуға жағдай жасалуда. Сіздер – туған еліміздің болашағысыздар. Армандарыңыз асқақ болсын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров білім және өзге де салаларда жетістікке жеткен 20 оқушыға алғысхат пен 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
Сонымен бірге өңір басшысы 10 ерекше баланы арнайы марапаттады. Одан бөлек мерекеге қатысушы 150 балаға облыс әкімінің сыйлықтары табысталды.
Балалардың мерекесінде экоойындар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту сабақтары, шахмат, тоғызқұмалақ сайыстары, асық ату, садақ ату ойындары ұйымдастырылып, «Қолөнершілер» ауласы таныстырылды. Киіз үй тігіліп, балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблі күй күмбірлетсе, балабақша шәкірттері Абайдың өлеңін жатқа оқып, тәнті етті.
Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әндер шырқалып, би топтары, цирк шеберлері өнер көрсетті.
Балалардың қуанышына ортақтасқан Нұралхан Көшеров жауаптылармен бірге «Балауса» лагерін түгел аралап, жаңа маусымға дайындығын көрді. Жаңадан берілген модульді жатақханаларын көріп, спорт алаңында оқушыларға футбол доптарын табыстады. Келушілер «Түркістан – балалар көзімен» мольберттер ауласын тамашалап, балалардың өнеріне тәнті болды.
Айта кетейік, «Балауса» лагері 150 орындық болған, 7 ауысымда 1050 баланы қабылдап келген. Осы жылы 200 орындық модуль салу арқылы «Балауса» лагеріндегі орын саны 350-ге жетіп, 7 ауысымда 2450 бала қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Осы бастама арқылы Түркістан қаласының 1450, Сауран ауданының 1000 баласын жазғы сауықтырумен қамтиды деп жоспарлануда.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.