Мазмұнды жиын әрі қарай панельдік сессияға ұласады
Бүгін Түркістан қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі халықтарының бірлігі үшін күрес жүргізген біртуар тұлға Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған «Тұрар және Түркістан идеясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр,- деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан облысы әкімдігі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан жиынға Түркия, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен арнайы өкілдер мен еліміздің танымал ғалымдары, тарихшылар, Тұрартанушы азаматтар арнайы қатысып жатыр. Оқу ордасының мәдениет сарайына келген қонақтар алдымен арнайы көрмені тамашалап, тұлға тарихы таспаланған фото-шежіремен танысты.
Ауқымды жиынның модераторы – академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алғаш болып сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Содан соң ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты оқылды. Наурызбай қажы, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, сан қырлы қасиетіне тоқталды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының ықыласын жеткізді.
– Біз қашан да ұлын ұлықтап, тұлғаларын қадірлеген халықпыз. Сондықтан да олардың еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Бұл маңызды жиынның Түркістан төрінде өтуі заңдылық. Өйткені, көрнекті қоғам қайраткері, дарынды көшбасшы Тұрар Рысқұлов өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістан идеясын көтеріп, Түркі жұртының тұтастығына бар ғұмырын арнады. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» деген қанатты сөзі бар.
Тұрар Рысқұловтың өмір жолы осы ұстанымға толықтай келеді. Халқына адал қызмет етті, отаншылдық пен адалдықтың өлшеміне айнала білді.
Ол – Түркістандағы түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, публицист, дипломат. Ұлт санасына сілкініс әкелетін мұндай маңызды бастамалар 100 жыл бұрын Тұрардай тұлғалар бастаған бауырластық идеясын іске асырудың алғышарттарына айналары анық. Ізгілікті істердің заңды жалғасы ретінде бастау алған бүгінгі шараның берері мол болмақ. Бүгінгі конференцияда ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері тарапынан Тұрар Рысқұловтың саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер айтылады деп сенемін! – деді әкім орынбасары.
Мазмұнды жиын әрі қарай панельдік сессияға ұласады. Онда Тұрар Рысқұловтың тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалмақ. Бұдан бөлек қонақтар мерейтойға арналған конференция аясында шынар ағашын отырғызады. Ал күні ертең туған жері Түлкібас ауданында рухани шара жалғасады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, қазіргі таңда Тұрар Рысқұловтың еңбектерін насихаттап, есімін ұлықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында Түлкібас ауданының орталығы және аудан, қалалардағы 3 мектеп пен 40-тан аса көше мемлекет қайраткерінің атымен аталады. Сонымен қатар Тұраркент ауылында арнайы музейі жұмыс істеп тұр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.