«Тазы өсіру бизнеске айналып барады»: Итбегі мемлекеттің көмектесуіне қарсы

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркі әлемі 8 мамыр, 2023

Қарағанды облысы Нұра ауданы Кертінді ауылының тұрғыны Қазбек Досболов 45 жылдан бері (15 жасынан әуестене бастаған) тазы баптап жүр. Оның айтуынша, елімізде тазақанды тазы тұқымы азайып барады, деп Turkistan Today хабарлайды Halyq Uni.сайтына сілтеме жасап.

«Бастапқыда тазымен аңға шығатынмын. Ол уақытта аң көп, жер кең болды. Тазыны ұлттық құндылық ретінде дамыту үшін айналыстым. Сатып, пайда табу деген ой болған емес. Тазақанды тазы ұстауға тырысамын. Бір шеті Жаңаарқадан, бір шеті Бұқар жырау ауданынан әкелетін едік. Себебі ол кезде біздің маңайда тазақанды тазы болған емес. Ондай тұқымдар сол өңірлерден табылатын», – деді ол. 

Қазбек Досболов итті өсіріп, баптаудың өз ерекшелігі бар екенін айтады. 

Күшік кезінде 3-4 ай қаймағы алынбаған таза сиыр сүтін, ет пен таза тамақ беріп асыраймыз. Тамақтан бөлек, оны тәрбиелеуге мән береміз. «Жат, тұр» деген бұйрық беріп, сондай-ақ малға тиіскізбеуді үйретеміз. Атқа ертіп далаға шығарамыз. Итті табиғатқа көп шығарып, кішкентай кезінен жаттықтыру маңызды. Ол уақытта тазақанды тазының ұрғашылары 9-10 ай кезінде қара жерден қоян алуы керек. Арландары тек бір жастан асқан соң ғана жүгіреді, – дейді ол. 

Кейіпкердің айтуынша, ол 10 жыл бұрын белгілі дәрігер Жақсылық Досқалиевпентанысқан. Дәрігердің тазыға деген қызығушылығы болғандықтан, олар оны бірге өсіріп, баптауға кіріседі. 

«Бала кезімізде қасқыр алатын тазыны естігеніміз болмаса, көрген емеспіз. Бірде сөзден сөз шығып, қасқыр алатын тазы туралы әңгіме қозғадық. Ол ит қасқырға түседі деген аңыз ұмытыла бастаған. Сонда «Неге осы істі қолға алмаймыз? Жан-жақтан тазы іздеп, өшіп бара жатқан аңшылықтың бұл түрін неге дамытпасқа?» деп талқыладық. Құсбек деген ағам бар, ол да итке құмар. Ол облыстағы Шет, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарына барып, тазы өсірушілерден тұқым әкеліп, иттерді өсіре бастадық. Жалпы, қасқырға түсетін иттің тегі болмаса, жыртқышты ала алмайды. Көбіне арлан жағы мықты болса, арғы 2-3 атасы қасқырға түссе, ол да алады. Егер тек болмаса, қанша тырысса да түспейді екен», – дейді Қазбек Досполов. 

Сонымен қатар, ол қасқыр алатын тазы шығару күрделі жұмыс екенін атап өтті. 

Елімізде қасқыр алатын иттің тұқымын аренаға шығарған сол Жақсылық ағамыз (Досқалиев). Соны дамытуға атсалысып, шығынын көтеріп жүр. Мәселен, біздің ауылдардың айналасында қасқыр жоқ. Сол үшін Торғай, Ырғыздың бойына, Ақтөбеге барып қайтамыз. Оны апарып, әкелу әркімнің қолынан келмейді, шығыны көп. Сондықтан ол адамның еңбегі өте зор. Әр жерден әкеліп, жүйрік тазыны шығаруға болады. Бірақ қасқырға түсетін тазы шығару өте қиын. Бірде Мұхтар Құл-Мұхамед ағамыз кездесіп, қасқырға иттің түсуі туралы дауласып қалдық. Ол кісі қасқыр алған итті көрмедім дейді. Сол жерде Жәкеңнің Сарықасқа деген иті жалғыз өзі қасқыр алды. Мұқаң көріп, таңғалды. Оның әкелген екі иті қасқырдың мысынан қорқып, бара алмады, – деп толықтырды сөзін. 

Қазбек Досполов бүгінде тазының бизнеске айналып бара жатқанына алаңдайды. 

Қазір балалар қасқырға шабатын, қоян ұстайтын бір ит ұстауға болады деп ойлайды. Олай болмайды. Жеңіл тазылар елік, қоян алуға жарайды, ал қасқыр алатын ит басқа болады. Сол себепті бөлек ұстап, тұқымының тазалығына мән беру керек. Қазір тазы өсіру бизнеске айналып кетті. Өкінішке қарай түрлі итке қосып, тұқымдары өзгеріп жатыр. Тазақанды тазы тұқымы азайып барады, – деді ол. 

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы төбет пен тазы тұқымын сақтап, дамытуға тапсырма берген болатын. Итбегі бұған қатысты өз пікірін білдірді. 

«Аңшылар бұл бастамаға ризамыз. Тек соны аңшылар мен басқа да мүдделі азаматтар дұрыс түсініп, күткен нәтижеге қол жеткізетіндей дұрыс жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Әрине, көрме немесе басқа да іс-шаралар өткізген дұрыс. Бірақ аң алып жүрген иттер шүберек немесе түлкінің терісінен жасалған «қуыршақ аңның» соңынан өмірі жүгірмейді. Итті көліктің немесе мотоциклдың артынан жүгірткен дұрыс емес. Ол ит ертең аң алады деп ойламаймын. Қазақ «Жетектеген тазы түлкі алмайды» деп бекер айтпаған. Қазақы тазыны көбейту үшін зауыт сияқты мекеме керек. Жақсылап күтсе, жылына екі рет күшік алуға болады. Ал субсидия беріп, әркім айналыса берсе, бизнеске айналып кетеді. Сондықтан еліміздің әр өңіріндегі тазақанды тазыларды бір жерге жинау керек. Мемлекет ақша бөлді деп әркім айналысып кетсе, керісінше, тазыны құрдымға жібереді. Бидайдың сортын қалай сынаса, тазыны да солай ғылымға сүйеніп сынау керек. Әйтпесе биліктің қамқорлығы, Үкіметтің субсидиясы суға сіңгендей болады», – деп түйіндеді сөзін Қазбек Досполов.

1.8k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.