Тілсіз жаумен күресте ескі "Зил", әрең жүрген "Урал" көліктері де қолданылып жатыр

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 14 маусым, 2023

Ресми мәлімет бойынша 60 мың гектар қарағайлы орманды от шарпыған. Қазір оның 43 мың гектардан астамы жанып жатыр. 

Бородулиха ауданында басталған өрт, біртіндеп Семей қаласы маңындағы ауылдарға қарай ығысып барады. Өйткені ұйытқыған желдің үнемі бағыты өзгеріп тұр. Оның үстіне 30 градустан асатын аптап ыстық, жалынның бетін қайтаруға бөгет жасауда, деп Turkistan Today жазады inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір өртті сөндіру 3 бағытта жалғасып жатыр. Орманның шығыс жағында ауыр техникамен өртке қарсы жер жыртып, бөгеттер жасалуда. Ал өзге екі бағытта тілсіз жауды жаяу сөндіру мен тікішақтарды пайдаланып су себу жүргізілуде. Қазір 1788 адам, 345 бірлік техника және 15 тікұшақ жұмылдырылған. 

Фото: inbusiness.kz 

"Жел болған жерде өрт те көтеріледі. Барлық периметр бойынша күштеріміз орын орындарына қойылған",– дейді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Өрт сөндіріп жүрген көліктердің көбі ескіргенін мамандардың өздері де жасырмайды.  Ескі "Зил" ілініп, салынып әрең жүрген "Урал" көліктері де тілсіз жаумен күресуде қолданылып жатыр. 

Фото: inbusiness.kz 

Шығыс Қазақстандағы КатонҚарағай ауданынан көмекке келген Саят Нұрсұлтановтың 19 жыл болған өрт сөндіру көлігі жедел штабқа жеткен жерде сынып қалған. 

"КатонҚарағайдан келдім. Сынып қалды. Жөндеп жатырмын. Жөндеп үлгеремін. Өртке қалайда барамын",– дейді көлік жүргізуші Саят Нұрсұлтанов.

Қызыл жалынды ауыздықтауға 37 жыл болған "Урал" көліктері де қатысып жатыр. Мамандар ондай техникамен сумаңдап тұрған жалынның ортасына күніне 9-10 рет кіріп жүр. 

Фото: inbusiness.kz 

"Ескі мынау машина. 1986-шы жылғы. Бірақ әлі жүріп тұр. Техникамыз сынбаса істей береміз ғой. Бесқарағайда да болдық, алдында өрт болғанда. Енді мынандай қатты өрт болған жоқ",– дейді өрт сөндіруші Ерболат Кәрімов 

Жалпы "Семей Орманындағы" сұрапыл өртті сөндіру кезінде екі техника жанып кеткен. Оның бірі Қарағанды облысынан келген автоцистерна. Ондағы болған адамдар абырой болғанда аман. 

Табиғи апатпен арпалысып жүргенде 14 орманшы опат болды. Кеше олардың бірі Саят Нұржігітовты туғандары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды. 50 жастағы Саят Нұржігітов өмірінің жартысынан көбін орман шаруашылығына арнаған. Қызметіне адал, үлгі тұтарлық азамат, білікті маман еді деп жақындары қимастықпен еске алады. Саят Нұржігітовтың артында жары мен 2 ұл, 1 қызы қалды.

"Әлі халқымыз есін жинай алмай жатыр. Осындай азаматтарымызды ортадан жұлып алып, жаназасына жиналып отырмыз. Ата-аналарына қайғырып көңіл айтамыз. Оқиға бәрінің көзін ашты деп ойлаймын. Техника жаман. Рациялары жоқ. Жүз мың теңге жалақыға жұмыс істеп жүріп, өмірлерін қиып жатыр", – дейді  Орманшылар кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсара Баймағанбетова. 

Өрт сөндіру кезінде тағы бір адам жоғалып кеткен. Сергей Архипов Бесқарағай ауданының Далон орман шаруашылығынан көмекке трактормен келген. Онымен байланыс 9 маусым күні үзілген. 4 күн өткенен кейін, бүгін оның өлі денесі өрт болған жерден 50 шақырым жерден табылды. Орманшының қандай жағдайда қаза болғандығын қазір полиция қызметкерлері тексеріп жатыр. 

Өрттен қауіп төнгендіктен, бірнеше ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Семей қаласында 800 адам сиятын, 9 эвакуация пункті ұйымдастырылған. Оларға Бұлақ, Талица, Половинки елдімекендерінен 463 адам жеткізілді.

Фото: inbusiness.kz 

"Өрт бері қарай келе жатыр, иіс тиюі мүмкін деп айтты. Малдарымызды қорадан шығарып, құжаттарымызды жинап кеттік. Бәрі қалды. Тез өшсе деп тілеп отырмыз. Бастысы өміріміз ғой", – дейді Бұлақ ауылының тұрғыны, Биғайша Есекеева. 

Фото: inbusiness.kz 

 Каштак, Талица, Полвинки ауылдарына апаратын  жолға полиция бекеттері қойылып жабылған. Өрт сөндірушілер аталған аумақтарда қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 

1.1k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.