Түркістан облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Zhas Camp. Jastar Academy II» атты жастар лагері өз мәресіне жетті. Лагерь жұмысына еліміздің барлық өңірінен 300 белсенді жас қатысты,-деп хабарлайды turkistan.today
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев іс-шараға арнайы қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көшбасшы жастармен еркін форматта кездесті. Онда тележүргізуші, актер Дәулет Бижанов модераторлық етті. «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетудегі әріптестік: жастар мен мемлекет» диалогтық алаңында бірге өзекті тақырыптарды қозғап, пікір алмасты. Облыс әкімінің орынбасары әр өңірден келген жастарға белсенділік танытқаны үшін алғысын білдіріп, жастар бастамасын әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Түркістан өңірінде өздеріңіздей белсенді жастармен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қазақтың төбе биінің атымен аталатын аймақта еліміздің көшбасшы, белсенді жастары жиналып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деген болатын. Қазір жастар үшін мүмкіндіктер көп. Колледждер мен университеттерде гранттар қаралған. Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастар үшін де жеңілдіктер бар. Ең бастысы, жігерлі болу керек. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың сапалы білім алумен қатар, спортпен, өнермен шұғылданып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Бүгінгі маңызды 3 күндік іс-шара жастардың жүрегіне жалын беріп, түрлі тақырыпта болған сессиялар өмірлеріңізге жаңа өзгерістер әкеледі деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Басқосуда жастар түрлі сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Үш күнге жоспарланған іс-шараның екінші күні жастар орталықтары басшылары мен қызметкерлеріне «Жастар еңбек жасақтары жұмысының тиімділігін арттыру» және «2025 жылға арналған мемлекеттік жастар саясаты саласының тақырыптық күнтізбесін әзірлеу» тақырыбында сессиялар өтті. Қатысушыларды белсенділікке, сенімділікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында тимбилдинг, психологиялық кеңес өткізілді. Оны «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы Айсұлу Тұрсынбаева мен Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары жүргізді.
Сонымен қатар елімізге танымал спортшылармен «Спорт – менің өмірімде» атты кездесу өтті. Ашық аспан астында спорт шебері, самбодан 3 дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов, бокстан халықаралық спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Шымкент қалалық дзюдо федерациясының вице-президенті Алтынбек Абаев, экономист, блогер Сәбит Рысбаев өз тәжірибелерімен бөлісті.
Осы күні облысымыздағы бір жас баспаналы болды. «Asar Ume» қайырымдылық қоры жас анаға тұрғын үй кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.
Шара соңында легерь жұмысына белсенді қатысқан азаматтар мен спорттық ойындардың жеңімпаздары марапатталды. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қолдауымен әуе шары ұшырылып, концерттік бағдарламаға жалғасты.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.