Соңғы жылдардағы ірі төтенше жағдайлар азаматтық қоғамның, атап айтқанда, еріктілер мен волонтёрлердің төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жүйесіндегі рөлінің маңыздылығын айқын көрсетті,- деп хабарлайды turkistan.today
Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі 47 мыңға жуық еріктіні біріктіретін 136 волонтёрлік ұйыммен өзара ынтымақтастық орнатқан.
Еріктілер кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін нақты көмекке айналуда. Бұл әсіресе жастар арасында өзекті, себебі волонтёрлік ұйымдар болашақтағы ТЖ саласының кадрлық резервін қалыптастырады. Министрлік волонтёрлік ұйымдармен бірлесіп, жұмыс бағытын үш негізгі сала бойынша ұйымдастырады: табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету (гуманитарлық қолдау қоса алғанда), төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатысу, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеу-құтқару жұмыстарына қатысу.
Министрлік салалық волонтёрлікті белсенді түрде дамытып келеді. Бұл бағыттағы жарқын мысал ТЖ саласындағы еріктілердің алғашқы республикалық форумы, ол оқу-жаттығу полигоны базасында өткізілді. Сонымен қатар, ТЖМ волонтёрлік туралы тәжірибесін халықаралық еріктілер форумында «ТЖ саласындағы волонтёрлік» тақырыбындағы панельдік сессия аясында ұсынды.
2024 жылы Қостанай облысында мобильді ерікті топтарды құру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл топтар ТЖМ-нің кәсіби авариялық-құтқару бөлімшелеріне ұқсас түрде арнайы дайындықтан өтті, оған физикалық даярлық та кірді. Биылдан бастап мұндай топтар еліміздің әрбір өңірінде құрыла бастайды. Бұл еріктілер жұмысының жүйелі болуын қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар кезінде бейберекет волонтёрліктің алдын алуға мүмкіндік береді.
Аталған жоба 2024 жылы Астана қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жанындағы Жастар кеңесінің шеңберінде ұйымдастырылған волонтёрлік қозғалыстар көшбасшыларының слетінде таныстырылып, 2024–2026 жылдарға арналған волонтёрлікті дамыту және қолдау жөніндегі Жол картасына енгізілді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.