"Яндекс" 2,4 триллион теңгеге сатылды, Қазақстандықтар енді яндексті пайдалана ала ма?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 7 ақпан, 2024

Сарапшылар компанияның жаңаруы жаңа жетістіктер мен ірі инновацияларға бастайтынына сенбейді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Нидерландтың Yandex N.V. компаниясы ақыры ресейлік "Яндексті" 475 миллиард рубльге өткізе алды. Бұл 2 триллион 377,7 миллиард теңгеге тең. Голландиялық фирма Мәскеудің Украинаға шапқыншылығы басталысымен, РФ-пен барлық байланысын үзуге ұйғарған. Алайда 2022 жылдан бері Кремль мәмілені мақұлдамай келді.

Енді нидерландтық Yandex N.V ресейлік "Яндекс" консорциумының бас компаниясы болмайды.

"Яндекстің жаңа бас компаниясы (головная компания) – "Яндекс" МКАО (халықаралық компания акционерлік қоғамы) болады. Бұл – жеке әрі тәуелсіз компания. Оның акциялары Мәскеу биржасында ғана сайдаланады. Яндекстің бас директоры Артём Савиновский болады. Яндекс Yandex N.V. тобының бизнестерін, сервистерін және активтерін иеленіп, сақтайды. Тек Nebius, Toloka, Avride және TripleTen сияқты шетелдегі стартаптары, сондай-ақ Финляндиядағы Data-орталығы иелігінен шығарылады", – деп ресми мәлімдеді компания.

Nebius старапының іргесін шетелге кеткен Яндекстің бұрынғы мамандары қалаған еді. Бірнеше елде кеңсесі бар фирма бұлтты технологиялар бизнесімен, жасанды зердемен айналысады, сонымен қатар Tор500 суперкомпьютерлер бойынша әлемдік рейтингке кірді.

Toloka – краудсорсингтік платформа. Бұл атау қазақтың "Асар" дәстүріне ұқсас башқұрттың "талақа" сөзінен алынған. Яндекс.Толока сервисі – орындаушыларды тапсырыс берушілермен байланыстырып, шағын тапсырмаларды орындағаны үшін ақша алуға мүмкіндік береді. Мысалы, компания туралы деректер іздеп, жинау, контенттің сапасын тексеру, баяндама, есеп не басқасындағы мәліметтерді өзектілендіру, сайттарды талдау сияқты тапсырмалар. Осы сервис арқылы Яндекс те өз жүйесін жетілдіреді, мысалы, іздеу жүйесінің жауаптарын жақсартады, Алисаны оқытады.

Жеке отау құратын Avride-қа келсек. "Яндекстің" халықаралық бөлігі 2023 жылғы қыркүйекте, америкалық Техаста жүргізушісіз қозғалатын пилотсыз автомобильдерді әзірлейтін бөлімшесін ашқаны жария болды. "Яндекстің" өздігінен басқарылатын машиналарының бағыты шетелде Avride брендімен жұмыс істей бастады. Бұрын ол Ресейде Yandex Self Driving Group атауымен әрекет еткен.

Ресейлік бас кеңсесіне бағынбайтын тағы бір бағыты – TripleTen бағдарлама әзірлеушілерге арналған жетекші онлайн буткемп саналады. Ол бағдарламалау, деректерді талдау машығын бір жылға жетпейтін уақытта меңгеріп, АҚШ, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Израильде технологиялық индустрия салаларында жұмыс істеуді ұсынады. "Жетпіс жаста да ай-ти маманына айнала аласыз!" деген сияқты жарнамасын ұшырастыруға болады.

Қорыта атқанда, бүкіл Яндекстің бас компаниясы "Яндекс" МКАО" болады. Өз кезегінде "Яндекс" МКАО-ның негізгі қожайыны – "Консорциум. Первый" жабық пайлық инвестициялық қоры.

Бұдан бөлек, оның теңқожайындары қатарына "ЛУКОЙЛ" тобы, Leta Capital венчурлық қорының негізін қалаушы Александр Чачава, "Инфинитум депозитариясының басшысы Павел Прасс және "Газпромның" бұрынғы топ-менеджері, кәсіпкер Александр Рязанов кірді. Олардың бақылаушы үлесі болмайды.

Осылайша, бұрын нидерландтық Yandex N.V. компаниясына тиесілі болған "Яндексті" ресейлік жеке инвесторлар мен компанияның өз менеджерлерінен тұратын, РФ Калининград облысында (ресейлік оффшорда) тіркелген консорцуим сатып алып отыр.

Yandex N.V. фирмасы 2024 жылғы 31 шілдеге дейін атауын өзгертуге және "Яндекс" брендін пайдалануды тоқтатуға міндеттелді.

Ал өз алдына тәуелсіздік алып отырған Nebius, Toloka, Avride және TripleTen стартаптарын "Яндекстің" негізін қалаушы, Украинаға шапқыншылыққа ашық қарсы шыққаны үшін Израилге кетуге мәжбүр болған Аркадий Волож бен шетелдік акционерлер басқарады.

Бір қызығы, ресейлік тарап 475 млрд рубль қаражаттың кем дегенде жартысын қолма-қол ақшамен – қытай юанымен беруді талап етіпті. Сарапшылар мұның қанша чемоданды толтыратынын бағамдауда.

Бүкіл ТМД елдерінде "Яндекс.Такси", "Яндекс.Еда", Яндекс іздеу жүйесі және электронды поштасы сияқты сервистерімен танымал бұл алпауыт корпорацияны иеленуге ресейлік көптеген олигарх ынтықты.

Би-Би-Си жазуынша, соңғы жылда Яндексті сатып алатын бизнесмендер консорциумына қатысудан Путиннің достары – миллиардер Юрий Ковальчук, "Интеррос" иесі Владимир Потанин, "Лукойлдың" теңқожайыны Вагит Алекперов, Kismet Capital Group негізін қалаушы Иван Таврин, Мемдума депутаты және Faberlic негізін қалаушы Алексей Нечаев, сондай-ақ ВТБ банктік тобы сияқты азуы алты қарыз алпауыттар үміткер болды. Бірақ олар халықаралық мәмілеге қатыса алмайтын, себебі, халықаралық санкцияларға ілікті.

"Яндекс" иесі атанған "Консорциум.Первый" құрамына 50 тұлға кіріп отыр. Компания олардың арасында АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания мен Швейцарияның санкциясы салынған тұлға жоқтығына сендіреді.

The Bell өз дереккөздеріне сілтеме жасап, бұл тұлғалардың бір бөлігі тек делдал қызметін ғана атқаратынын жазды.

Кремль бұл жолы "Яндексті" сату мәмілесін қуана құптады.

"Компанияның менеджменті – Яндекстің басты қожайыны болып қалады. Яндекс енді толығымен ресейлік атанды, бұл да маңызды! Басқасының бәрі корпоративтік ішкі мәселелер және келіссөздер арқылы шешіле береді", – деді Кремльдің өкілі Дмитрий Песков.

"Яндексті бөлшектеу туралы келіссөздер бір жылдан артық уақытқа созылды. Оған Ресей президентінің әкімшілігі тікелей қатысты. Осы уақытта компанияға келген Алексей Кудринге қарсы АҚШ санкция енгізді. Ал "Яндекстің" негізін қалаған Аркадий Волож Олег Тиньковтан кейінгі Украинадағы соғысты қатты айыптаған ресейлік ірі бизнесменге айналды. Бұл факторлар келіссөздер барысына ықпал етсе керек. "Яндекстің" америкалық инвесторлары бар: олар санкция астындағы тұлғалармен келіссөз жүргізе алмайды. Бұған қоса, олар компанияны Кремльге жақын, санкция салынған олигархтарға сату мәмілесін бекіте алмады. Ресей басшылығы да алпауыт компанияны билікке барынша "адал" тұлғаларға беру жолын іздестірді", – дейді ресейлік экономикалық шолушы Ольга Шамина.

Оның пікірінше, ресейлік алпауыт ІТ-компанияның артынша Батыстың санкциялық тізіміндегі "Кремльдік бизнесмендердің" қолына тікелей көшуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Яғни, бұл шетелдік инвесторларды шығарып тастауға бағытталған "уақытша мәміле" болуы да ғажап емес.

Мұның мысалы жетіп артылады. Кремль германиялық OBI гипермаркеттер желісін, McDonald’s тез тамақтандыру мейрамханалары желісін және өзгесін иеленуде сондай схеманы (фирмы-прокладки) қолданды.

Сарапшылардың айтуынша, егер бұл шынға айналса, онда екі жайттан хабар береді: біріншіден, Ресейде мүлікті қайта бөлудің жаңа толқыны басталды. Екіншіден, "Яндекс" тізгіні санкциялық тұлғалар қолына түссе, ол технологиялық тұрғыдан тоқырай бастауы мүмкін. Өйткені санкциялардың оған да тарау қаупі туындайды.

Бұл Қазақстанға тиімсіз. Себебі, "Яндекс" былтыр ғана күшіне енген Әлеуметтік кодекстің аясында өмірге жолдама алған "арнайы салық режимі" бойынша Қазақстанның серіктесі болып бекітілді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұл салық режимі аясында "Яндекс.Такси" (Убер), "Яндекс.Еда" сияқты сервистері осы онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін отандық таксишілерден, кәсіпкерлерден Үкімет үшін салық жинайтын агент мәртебесін иеленді.

Егер Яндекс іздеу жүйесі істен шықса, оны пайдаланатын қазақстандықтарға Google-ға көшуге тура келеді.

"Яндекстен енді ерекше технологиялық серпіндер мен инновациялар күту қиын. Оның командасы қаққа жарылды, Ресейде қалғысы келмеген мықты мамандар Волождың израилдік 4 старапына кетті. Компания бірқатар сервистерін сатуға міжбүрленді. Соның бәрі компанияның креативті компонентіне орны толмас нұқсан келтірді. Әлемдік аты болған "Яндекс" бірте-бірте жергілікті, көпшілікке қызықсыз контораға айнала бастайды. Тек оның пилотсыз қозғалатын техника, нейрожелі сияқты әзірлемелеріне әскерилер, құзырлы органдар ынтығуы, мол мемтапсырыс ұсынуы ықтимал", – деп жазады ресейлік экономист Максим Блант.

Шетелдік ақпарат құралдары "Яндекс" тағдырынан тағы бір тоқтам жасады: келіссөздердің тым ұзақ жүруі "бизнестің Ресейден кетуінің аса ауыр іс екенін паш етті". Соғыс басталғалы, солтүстік көршінің нарығынан шығу шарттары күрт қатайтылды. Әрбір ірі мәмілені Кремльмен келісіп, соның айтқандай жасауға тура келеді. Билік "шығу" үшін орасан зор жеңілдік-дисконт пен бюджетке мол аударылым жасауды сұрайды және майшелпек активтерді ел басшылығына жақын олигархтарға сатуды талап етеді.

Оған көнбегендер (мысалы, Danone, "Балтика", басқасы) "национализацияланады". Онда бүкіл бизнесі алдымен "Росимущество" басқаруына беріліп, ізінше арзанға Мәскеу қалаған кәсіпкердің иелігіне кетеді.

397

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.