Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті
Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аумағында аллея ашылды,- деп хабарлайды turkistan.today
Онда біртуар тұлғаның мерейтойына орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Игі іске ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және аталған оқу орданың ректоры Жанар Темірбекова, ғалымдар мен тарихшылар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер атсалысты. Университет басшылығы алдағы уақытта аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен паркке айналады деді.
Таңертең бастау алған «Тұрар және Түркістан идеясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясысы әрі қарай панельдік отырысқа ұласты. Ғылым жолындағы Тұрар өмірін зерттеушілер қазіргі таңда оның еңбектерін насихаттап, есімін ұлықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылылып жатқанын тілге тиек етті. Тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалды. Атап айтсақ, «Рысқұлов және қырғыз зиялылары», «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» атаулармен басқа да тақырыптар аясында ақпараттар айтылды.
Жиында профессор, Қырғызстанның Жокорку Кенеш экс-спикері Зайнидин Курманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразалы Сәбден, Өзбекстан Республикасы, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры, профессор Кахраман Раджабов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, университеттің қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов сынды өзге де ғалымдар маңызды тақырыптарды қозғады.
Осылайша қазақ халқы мен түркі мемлекеттерінің, Орта Азия халықтарының ынтымағы мен амандығын армандаған баба рухына бүгінгі ұрпақтары тағзым етті. Оның артында қалдырған өшпес ізі, тарих сахнасындағы рөлі тағы да айтылып, жаңғырды. Заманында ашаршылықтан зардап шеккен халқының қамын жеген ұлт жанашырының ел біле бермейтін, сан салаға сіңірген еңбегі сараланды. Мазмұнды іс-шара күні ертең туған жері Түлкібас ауданында рухани шара жалғасады деп жоспарлануда.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.