Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану аясы кеңейіп келеді. Бүгінде еліміздегі 700-ден астам медициналық ұйым дәрігерлерге ауруларды ерте анықтауға, медициналық зерттеулерді талдауға және құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетуге мүмкіндік беретін 10-нан астам цифрлық шешімді пайдаланады.
Бұл технологиялардың негізгі міндеті – қауіпті дерттерді дер кезінде анықтап, медициналық көмектің сапасын арттыру және дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайту.
Цифрлық шешімдердің маңызды бағыттарының бірі – инсультті диагностикалау. Осы мақсатта қолданылатын CerebraAI жүйесі компьютерлік томография нәтижелерін талдап, ми тіндеріндегі зақымдану белгілерін қысқа уақытта анықтауға көмектеседі.
Қазіргі таңда аталған технология Астана қаласы мен Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында енгізілген. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйе инсультке күдікпен тексерілген 23,5 мыңнан астам пациенттің медициналық кескіндерін талдаған.
Инсульт жағдайында уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Сондықтан диагностиканы жеделдету емдеуді ертерек бастауға, ауыр асқынулардың алдын алуға және мүгедектік қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Қазір бұл технология сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ стоматологиялық зерттеулер жүргізу кезінде де қолданылады.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысын жеңілдету үшін цифрлық көмекшілер енгізіліп жатыр. Солардың бірі – Alima жүйесі. Қазіргі уақытта оны 4 205 дәрігер пайдаланады.
Пилоттық жоба нәтижесінде асқынбаған аурулар бойынша пациенттерді қабылдау кезінде медициналық құжаттарды толтыруға кететін уақыт төрт есеге қысқарған. Бұрын бұл процеске шамамен алты минут қажет болса, қазір оны бір жарым минутта аяқтауға болады.
Осылайша, дәрігерлер қағазбастылыққа аз уақыт жұмсап, пациенттерді тексеру мен емдеуге көбірек көңіл бөле алады.
Айта кету керек, жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Ол медициналық мамандарға қосымша көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Ал диагноз қою, емдеу әдісін таңдау және медициналық шешім қабылдау жауапкершілігі толығымен дәрігердің құзыретінде қалады.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.