Түркістан халықаралық ғылыми және құқықтық пікір алмасу орталығына айналды. Мұнда тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай II «Мәдениеттер диалогы – 2026» халықаралық симпозиумы ұйымдастырылып, оған бірқатар шет мемлекеттердің конституциялық сот өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен шетелдік ғалымдар жиналды.
Жиынға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Венгрия, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысты. Сонымен бірге БҰҰ және ЕҚЫҰ сарапшылары, АҚШ, Германия, Словения, Литва, Түркия мен Орталық Азия елдерінің ғылыми қауымдастығының мүшелері бас қосты.
Халықаралық симпозиумның күн тәртібіне конституциялық құқық пен мәдениет, қоғамдық әділеттілік, мемлекеттілік негіздері, адам құқықтары және азаматтық жауапкершілік секілді өзекті тақырыптар енгізілді.
Қазақстан Республикасы Презиентінің орынбасары Ерлан Қарин қатысушыларға жолдаған үндеуінде Конституцияның мемлекет пен қоғам арасындағы қоғамдық келісім ретіндегі рөліне назар аударды.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова өз сөзінде конституциялық нормалар мен құндылықтардың қоғам санасында орнығуы маңызды екенін атап өтті. Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның тарихи-өркениеттік маңызын алға тартып, қаланың халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды дамытуға қосатын үлесіне тоқталды.
Түркістанның тарихи миссиясы ғасырлар бойы түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді жақындастырумен ерекшеленіп келеді. Кезінде ел тағдыры шешілген, билер әділ төрелік айтқан мекенде бүгін әлемнің беделді заңгерлері мен ғалымдары заманауи мемлекеттіліктің даму бағыттарын талқылауда.
Басқосуда құқықтық мемлекетті қалыптастыру үшін заңнамалық нормалармен қатар, әділеттілік пен конституциялық құндылықтардың қоғамдық санада берік орнығуы қажеттігіне басымдық берілді. Өйткені заңның шынайы күші оның қабылдануымен ғана емес, қоғам өмірінде орындалуымен өлшенеді.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2026
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.