Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Түркия Респбуликасының құрылған күніне орай салтанатты шара өткізді. Шараға Түркия, Әзербайжан, Моңғолия мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері, дипломатиялық корпус, масс-медиа өкілдері мен түркологтар, қоғам белсенділері қатысты. Бұл туралы академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Turkistan.Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Салтанатты шарада сөз сөйлеген TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі 29 қазанда Түркия Республикасының құрылғанына 95 жыл толғанын атап өте келе, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. «Кезінде Мұстафа Шоқай Түркияға барғанда өз мақаласында «Түркі кіндігінен тараған әрбір азаматтың екі отаны бар, оның бірі - кіндік қаны тамған туған жері болса, екінші отаны - Түркия» деп жазған екен. Расында Түркия Республикасы құрылған кезінен бері, әсіресе қиын-қыстау жылдарда түркі әлемінің әрбір азаматына арқа сүйер тірек болған ел, тәуелсіздік алғаннан кейін де түркі интеграциясының ұйытқысы болған мемлекеттің бірі. Түркия бүгінде Халықаралық Түркі академиясының құрылтайшыларының қатарында. Бұдан былай мұндай жиындар өткізуді, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан тәрізді TWESCO-ға құрылтайшы мемлекеттердің ұлттық мейрамдарын, Тәуелсіздік күндерін мерекелеуді Академия тұрақты дәстүрге айналдырады» - деді TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі өзінің құттықтау сөзінде 

Түрік Елшісі Невзат Уянык өз кезегінде Түркия Республикасының 95 жылдығын атажұртта, Қазақ елінде атап өткені үшін Академия басшысы мен ұжымына алғыс білдіріп, Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған Түркияның келешек ұрпақ үшін мәртебе екенін, Қазақстан мен Түркия Президенттерінің достық қарым-қатынасы екі елдің байланыстарын нығайтып, дамуына серпін беретінін атап өтті. 

Жиынға қатысқан Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мәмедов Түркияның 600 жылдық мемелкеттілік тарихы бар Осман империясының   мұрагері саналатынын, елдің әлемдік және аймақтық саясатта айырықша орны бар екенін атап өтті. Елші өз сөзінде Түркияның Әзербайжанға ұдайы көмек көрсеткенін, 1991 жылы Әзербайжан тәуелсіздігін қалпына келтірген кезде Түркияның зор қолдау көрсеткенін айтты. Түркия мен Әзербайжан елдері   «бір халық құрған екі мемлекет» деген бағаға әбден лайық екендігін тілге тиек етті Рашад Мәмедов мырза. 

Ал, Қазақстан Республикасындағы Моңғолияның төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга жиналған қауымды мерекемен құттықтай келе, күллі түркінің теңдессіз мұралары Моңғолия жерінде сақталғанын, моңғол халқының көне дәуірлерде түркі жұртымен бірге жасасқанын атап өтті. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Елші Түркияның Моңғолия үшін сенімді серіктес екенін, Халықаралық Түркі академиясымен өзара байланыстар жоғары деңгейге жеткенін тілге тиек етті. 

Салтанатты шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері TWESCO-ның түркі халықтарының арасындағы ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды дамытуға айырықша үлес қосып отырғанына тоқталды. Академия шаңырағында Түркия Республикасының 95 жылдығының атап өтілуі   ұйымның интеграциялық   процестерді тереңдету бағытындағы қызметтерінің айқын айғағы.