Оңтүстік астанамызда тәртіп сақшылары кезекті рет қонақ үй мен пиццерия ішінен адамдарды эвакуациялады. Белгісіз біреулер аталмыш ғимараттардың ішінде жарылғыш зат болғаны туралы хабарлаған деп хабарлайды

turkistan.today.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кім екені белгісіз жандар мегаполистегі адамдар көп шоғырланатын жерлерде "бомба қойылғаны" жайлы хабарлама таратуын әлі де жалғастыруда.

Бұл жолы қонақтар мен келушілер қонақ үй кешені мен пиццериядан шығарылған. Объектті қоршауға алған арнайы қызметкерлер ақпараттың рас-өтірігін тексеріп жатыр.

Осы орайда, полицейлер азаматтарды жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін тәртіп сақшылары Алматыдағы "Нұрлы тау" бизнес орталығына жарылғыш зат қойылды деген хабарламадан кейін, ондағы адамдарды қауіпсіз жерге көшірген болатын.

Сондай-ақ, 29 қазан күні полицияға Esentai mall сауда кешені "миналанғаны" туралы хабар келіп түскен болатын. Дәл сол күні полицейлер Шаляпин Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы пиццериядан жарылғыш зат іздеген еді.