Қазақстандық сейсмолог Алматы маңында жеті балдық жойқын жер сілкінісінің ықтимал қаупін бағалады, деп Turkistan Today хабарлайды Elorda.info дереккөзіне сүйене отырып.
ТЖМ Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді. Маманның айтуынша, Анадолының таулы аймағы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі болып саналады. Онда күшті және жойқын жер сілкінісі бұрын да тіркелген. Мәселен, 1999 жылы Измирде тіркелген жер сілкінісінің күші 7,6 баллды құраған. 1992 жылы 100 мыңнан аса адам тұратын Эрзинджан қаласы маңында 7-8 балдық жер сілкінісі болған.
Қазір қалың жұртты алаңдатып отырған мұндай табиғи апат біздің елде, соның ішінде сейсмикалық қауіпті аймақ – Алматы қаласында қайталануы мүмкін бе деген сауал туындап отыр.
Сейсмология институты директорының орынбасары Алматының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері сейсмикалық белсенді, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өтті.
1887 және 1911 жылдары Алматыда ең қатты жер сілкіністері тіркелген.
Жақында ғана Алматы полигоны аумағында жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірледік, ол уәкілетті органдарға ұсынылды. Осы қорытындыға сәйкес, биыл Алматы полигоны аумағында жеті балдық жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайынғы қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден аса болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдарды ескеретін болсақ, алдағы аптада бәрі тыныш болады, – деді Нұрсәрсен Өзбеков.
Айта кетсек, сейсмологиялық болжамдар жылына екі рет – жыл басында және ортасында құрастырылады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.