Амал мерекесін тойлауға Отпан тауға 10 мыңдай адам жиналды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 14 наурыз, 2023

«Амал келді-жыл келді». Жылдың бастауы болған 13-наурызды маңғыстаулықтар биыл да «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде қарсы алды, деп Turkistan Today хабарлайды 24.kz дереккөзіне сүйене отырып.

Төс қағыса көрісіп, арадағы өкпе-ренішті кешірісті. Таудың ең биік нүктесінде «Бірлік» отын жағып, қазақ еліне бейбіт ғұмыр тіледі. Ауқымды шара аясында мәдени-спортттық шаралар өткізілді.

Жылдағы дәстүрмен көпшілік батыс Қаратаудың ең биік нүктесі Отпан таудың басына жиналды. Бір-бірімен көрісіп, елімізге бірлік-бейбіт өмір тіледі. Биылғы шараға 10 мыңға жуық адам жиналған. Олардың қатарында Түркия, өзбек-қырғыз елдері мен Әзірбайжаннан келген делегаттар бар.

Көрісу мерекесінде күн шуақты болды. Ауа температурасы +20 градусты көрсетті. Тау етегіндегі «Қарашаңырақ» кешені алдына 50-ге тарта киіз үй тігілді. Таңсәріден жиылған көпшілік бір-бірімен құшақ жая көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен құттықтады.

Әр шаңырақ иесі қазан толтыра ас салып, төрге озған адамға ұлттық сусын шұбат-қымыз бен бауырсақ ұсынды. Бұл күні Маңғыстауға еліміздің әр өңірінен сыйлы қонақтар келді. Тараз тұрғыны Шайқұла Алдабергенұлы бұл жолғы мейрам бұрынғыдан тым өзгеше дейді.

Шайқұла Алдабергенұлы, шараға қатысушы:

- Енді басталып жатқан кезінде келіп едім. Жалпы өмірдің өзі салыстырумен өтетін нәрсе ғой, қай кезде де. Ол кезде үйлердің де жағдайлары онша болмаған еді. Қазір елдің әл-ауқаты жақсарғанын көрсетіп тұр. Аумақты шара болып жатыр. Сол ата-бабаның атын дәрістеп, келешек ұрпаққа бір тәлім-тәрбие болсығн деген мағына ғой.

Тарихи-мәдени кешеннің орталық алаңында күні бойы қазақтың әндері әуелеп, күй күмбірледі. Фольклорлық шығармаларды тыңдаған шетелдік қонақтар таңданысын жасыра алмады. Ресейден келген Анастасия Подольская қазақ ұлтының аға буынға деген айрықша құрметі, барлық адамға бірдей бауырмалдығы әлемге үлгі дейді.

Анастасия Подольская, шараға қатысушы /Санкт-Петербург қ.:

- Бұл жерде көрермен қарасы қалың. Сахнадан бөлек, әр киіз үйдің алдында музыка әуелеп тұр. Еріксіз билеп кеткің келеді. Кез-келген шаңырақ иесі төрге шақырып, дәмнен ауыз тиюге шақырады. Жасы үлкеннің кішіге ақ батасын беруі маған ерекше әсер етті. Қазақ ұлтының өкілдері өте бауырмал екеніне көзім жетті. Отбасымызбен Маңғыстауға алғаш келуіміз.

Концерттік шарадан бөлек алаңда ұлттық ойындар өткізілді. Ер-азаматтар арқан тартудан сынға түссе, балалар асық атудан мергендік танытты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. 95 жастағы қарияның ақ батасын алған соң, көпшілік дәстүрлі шараның ең маңызды бөлімі - «Бірлік» отының жағылуын асыға күтті.

Мінекей, «Бірлік» оты тұтанды. Алау Отпан таудың басына жеткізіліп, қазақ мемлекекеті әлемге паш еткен бейбітшілік, бірліктің айқын көрінісі ретінде маздап тұрады.

1.3k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.