Астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы жалпықазақстандықтан жоғары болып шықты

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қоғам 11 қыркүйек, 2023

Қазақстан өз елордасының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға осы бесжылдықта 611 миллиард теңге жұмсағалы отыр, деп хабарлайды Turkistan Today.

Бұл туралы Үкімет жариялаған 2023–2027 жылдарға арналған салалық кешенді жоспар жобасында айтылған.

Бұл қаржыға бас қалада жаңа медициналық объектілер тұрғызылады және жұмыс істеп тұрғандары реконструкциялады. Атап айтқанда, 9 жаңа емхана салынады. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған, тек астаналықтарға ғана емес, өзге өңірлерден де келетін ересектер мен балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін 5 клиника ашу жоспарлануда.

Медициналық техникамен жарақтандыру 90%-ға дейін ұлғайтылады.

Кешенді жоспар аясында Астанада да күн тәртібінде өткір тұрған маман тапшылығы проблемасын шешуге мән берілмек. Осы мақсатта бүкіл өңірлерден және шетелден мықты дәрігерлер тартылып, жергілікті медұйымдар білікті кадрлармен толыққанды қамтылады. Кадр жетіспеушілігі 84,5%-ға немесе 2022 жылғы – 1 296 маманнан 1096-ға дейін төмендейді.

Тапшы мамандықтар бойынша резидентураның білім беру гранттарының саны ұлғайтылады. Жас мамандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылмақ: мысалы, оларға Астанадан баспана ұсынылады. Елордалық медицина қызметкерлеріне сараланған қосымша ақы түрінде көтермелеу ақысы төленбек. Ескірген емдеу тәсілдерінен аса алмай жүрген біраз іс басындағы дәрігерлердің біліктілігін елімізде және шетелде арттыру қарастырылады.

Әрине, медициналық көмек жөнінен елордалықтардың жағдайы өңірлерге қарағанда көш ілгері екені белгілі. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де растайды.

Мәселен, халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші – елдің өмірі мен денсаулығы сапасының әлем танған көрсеткіші болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда бүгінде Қазақстанның өзге өңірлерінің жұртшылығына қарағанда Астана тұрғындары көбірек жасайтын көрінеді.

"Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында іс-шаралар кешенін жүзеге асыру арқасында Астана қаласында өмір сүру ұзақтығы 77,3 жылға дейін ұлғайды. Салыстырсақ, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының орташа республикалық мәні 74,44 жыл ғана. Астанада бұл көрсеткіш бұған дейін аз болатын, бірақ тұрақты өсіп келеді: 2021 жылы – 72,87 жасты, 2020 жылы – 73,49 жасты ғана құраған еді", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Тағы бір маңызды жайт: Астанада халықтың жалпы өлім-жітімі де төмендеп, 2022 жыл қорытындысында 1000 тұрғынға шаққанда 4,03 адамды құрады. 2021 жылы – 5,75, 2020 жылы – 5,32 адамға жететін. Бұл да республикалық орташа мәннен жақсы: елде 1000 тұрғынға шаққанда өлім-жітім шамасы 2020 жылы – 8,60, 2021 жылы – 9,61, 2022 жылы – 6,80 адам болды.

Қазақстанда инфекциялық емес аурулар, соның ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары, негізінен жүректің ишемиялық ауруы және мидың инсульті өлімнің негізгі себептері болып отыр. Бұл елордаға да тән, дегенмен, төмендеу байқалады. Қалада қан айналымы жүйесінің ауруларынан 2020 жылы әрбір 100 мың адамның 124,77-сі, 2021 жылы – 114,51-і, 2022 жылы 89,65 адамы көз жұмды.

Пандемия кезінде бүкіл адамзат деміккені мәлім. Астанада тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші соңғы жылдары тұрақты төмендеп, 2020 жылы әрбір 100 мың адамға шаққанда – 50,47, 2021 жылы – 33,91, ал 2022 жылы – 24,68 адамды құрады.

Жазатайым оқиғалардың, жарақаттардың және уланудың өлім-жітімге соқтыруы көрсеткіштері бірде өсіп, бірде кеміп, құбылып тұр: 100 мың тұрғынға шаққанда 2020 жылы – 33,76, 2021 жылы – 40, 2022 жылы – 32,7 адам.

Алайда қалада қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуі байқалады: 100 мың тұрғынға шаққанда 2020 жылы – 68,84, 2021 жылы – 68,60, 2022 жылы – 68,75 адам жан тапсырды.

Елорда медицинасының талмау тұсы – емханалардың тапшылығы. Астанада медициналық-санитариялық алғашқы көмекті 44 емхана көрсетеді. Оның 27-сі – жекеменшік ұйым.

МСАК ұйымдарының қуатын одан әрі ұлғайту өзекті. Себебі, шектен тыс жүктеме түсуде: жоспарлы қуаты бір ауысымда 500 адамды қабылдауға негізделген емханалары бүгінде орташа 600–650 адамды қабылдауға мәжбүр. Артық жүк 1,5–2 есеге жетеді. Бұған өзге өңірлер тұрғындарының, қала маңындағы елді мекендер жұртшылығының елордалық емханалар желісінде қызмет алуды қалауы себепкер.

2022 жылдың қорытындысында елордалықтардың саны 7%, яғни 2021 жылғы 1 млн 283 мың адамнан 1 млн 373 мың 846 адамға дейін өсті. "Астанабасжоспар" ҒЗЖИ" ЖШС деректері бойынша 2035 жылға қарай астаналықтар саны 2,27 миллион адамнан асады.

"Елорданың денсаулық сақтау саласына үлкен жүк түсіп тұр. Себебі қала тұрғындары жыл сайын орташа есеппен 40–50 мың адамға көбеюде. Осыған байланысты медициналық ұйымдардың жұмысын оңтайландыру, стационарлардың қабылдау бөлімшелері жұмысын жеңілдету мақсатында 2023 жылдан елордада МСАК ұйымдарында жедел жәрдем бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырудың пилоттық жобасы басталды. Жобаға алғашында №4, №5 және №10 қалалық үш емхана қатысқан еді. Оларға тіркелген халықтың жалпы саны 220 мыңнан асады. МСАК ұйымдарында антикоагулянттық терапия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша арнайы кабинеттер ашылды. Ауруларды басқару бағдарламаларын қамту бойынша жұмыстар жалғасуда. Онкологиялық қызмет бойынша ахуалдық орталықтардың жұмысы жолға қойылды: ай сайын көрсеткіштерге бақылау жүргізіледі", – деп мәлім етті қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Айтпақшы, 2023 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы іске қосылуға тиіс.

Назар аударатын жайт, Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 30 маусымда "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" №ҚР ДСМ-59 бұйрығын бекіткен болатын. Оған сәйкес, кез келген қаламызда әрбір 30 мың тұрғын үшін үлгілік 1 емхана құрылуға тиіс. Осы нормативті басшылыққа алғанда және халық санының өсуін ескергенде, Астанада тағы кемінде 30 толыққанды емхана ашу қажет болады.

Елордада мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмекті 38 аурухана көрсетеді, оның 17-сі – жекеменшік. Қаланың төсек қоры биылғы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында 7 170 бірлікті ғана құрады. 2022 жылдың ұқсас кезеңінде 6 933 болған. Яғни, көп өсе қойған жоқ.

Бас қалада перзентхана да тапшы. Ал перзент сүйетін астаналық айымдардың саны еселеп артып келеді. Мысалы, соңғы 10 жылда босанулар саны 74 пайызға: 2012 жылғы – 19 500 босанудан 2022 жылы 34 000 бала туу дерегіне дейін өсті.

2023 жыл басындағы жағдай бойынша Астанада баланы өмірге әкелуге қабілетті, фертильды жастағы әйелдер саны 391 806 адамды құрады. Бұл – елордалық барлық әйелдердің жалпы санының 53,3%-ы.

Соған қарамастан Астанада әйелдерге жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезеңде және жаңа туған нәрестелерге стационарлық медициналық көмекті жалпы саны 550 төсек орны ғана бар үш босандыру ұйымы көрсетеді. Бұлар – "Қалалық перинаталдық орталық", "№2 қалалық көпбейінді аурухананың" акушерлік блогы, "№3 қалалық көпбейінді аурухананың" акушерлік блогы.

"Елдің басты қаласы мәртебесін алғалы бері елордада 130 төсектік бір ғана перинаталдық орталық салынды. Ол сонау 2009 жылы пайдалануға берілген. Қала халқының өсуіне байланысты перинаталдық орталықтардың төсек қоры нақты алаңын ұлғайтпай, нығыздау, яғни жаңа керуерттер қою жолымен 335-тен 550 төсекке дейін ұлғайтылды. Соған қарамастан, Астанада қолданыстағы акушерлік кереуеттер 68%-ға шамадан тыс жүктелген", – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.

Осыған байланысты 2023–2027 жылдарға арналған елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарында "Алматы" ауданында, Абылай хан даңғылы мен Қобда тұйық көшесінің қиылысында жаңа перинаталдық орталық салу көзделген. Ол толыққанды тек 2027 жылы іске қосылмақ. Оған дейін келесі жылы Қалалық перинаталдық орталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі. "Самұрық-Қазына" қорының қаржыландыруымен, Сарыарқа ауданында – Ш.Қосшығұлұлы көшесінде 200 төсектік акушерлік блок салу қарастырылған. №2 Қалалық көпбейінді аурухананың акушерлік және негізгі блоктары арасында қабылдау-диагностикалық кешен салу ұсынылған. Алайда бұлар да жеткіліксіз болып шығуы мүмкін.

Сондықтан қапы қалмау үшін астаналықтар, сарапшылар перзентханаларға ғана емес, елорданың бүкіл денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған ұсыныстарын Денсаулық сақтау министрлігіне жедел жолдағаны жөн.

691

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.