Ол тізімнен Назарбаев пен оның командасы толық шығарылды. Оның орнына жаңа тұлғалар еніп отыр, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz дереккөзіне сүйене отырып.
"Назарбаевтың қызы Қазақстанда №2 тұлғаға айналды": 2019 жылғы 20 наурызда осындай тосын жаңалық әлемдік ақпарат айдынын аралап, жаһан жұртшылығын жалт қаратты. Себебі елде енді ғана билік транзиті өтіп, басшылық ауысқандай еді. Бірақ сол кезде өмір бойғы "Елбасы" мәртебесі бар адамның ұрпағы "Президент тосыннан орынтағынан тайса, соның орнын басатын адамға" айналып шыға келді.
Қоғамдық пікірден туындаған қуатты дүмпу, халықтың наразылығы, халықаралық қоғамдастықтың қатаң сыны және сырт көзден жасырын жүретін ішкі саяси ойындардың әсері қабаттанса керек, Дариға Назарбаева Сенат төрағасы лауазымын уысында ұзақ ұстай алмады. 2020 жылғы 4 мамырда жаңа Президент Қ.Тоқаев оны отставкаға жіберді. Содан бері бұл міндетті 52 жасар Мәулен Әшімбаев табан аудармай, атқарып келеді.
Тиісінше, ел Конституциясының 48-бабына сәйкес, "Қазақстан Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Президенттің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының төрағасына көшеді". Осыдан қазіргі кезде Тоқаевтан кейінгі №2 тұлға М.Әшімбаев екенін білуге болады.
Ата заңның дәл осы бабы республикамыздағы №3 және №4 тұлғаның кім екенін де бекітеді: "Егер Сенат төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Мәжіліс төрағасына көшеді. Мәжіліс төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Премьер-министріне көшеді".
Назар аударатын жайт, егер Үкімет басшысы да Президент болғысы келмесе, немесе мысалы, әлемдегі төңкеріс болған өзге елдердегідей, ол да шетелге қашып кетсе, мемлекет тізгіні кімге көшетіні Конституцияда белгіленбеген. Оған дейін жетпес деген салғырттық бар сияқты.
Бейресми мәртебесі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, бірақ ресми түрде бүгінде бұл – Ерлан Қарин. Өйткені, ол иеленген Мемлекеттік кеңесші лауазымы әлгі аталған тұлғалардан кейін орналасқан.
Сыртқы істер министрлігі ел билігіндегі лауазымдардың орналасу ретін, өзіндік бір "рейтингін" жариялады. Ол "Мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының протоколдық үлкендігі" (протокольное старшинство) деп аталады. Осы жаңа тізімді алда Президент өз жарлығымен бекітпек.
Бірден айта кетелік, ол 2006 жылғы 12 қазанда бірінші Президент өз жарлығымен бекіткен тізімнен біршама ерекшеленеді.
Одан ең алдымен тұңғыш Президенттің өзі шығып қалды. Бұдан бөлек, осы қатардан күні кешеге дейін сапта болған Тұңғыш Президент–Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбек (тізімде 6-шы орынды Президент әкімшілігі басшысымен бөліскен), 7-ші орында тұрған Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми алып тасталды.
Бір қызығы, бұдан былайғы экс-Президенттер, соның ішінде болашақта Қ.Тоқаевтың өзі де 7-ші орынға жайғасуы мүмкін. Сыртқы істер министрлігі әзірлеген Президенттің жаңа жарлығының жобасында осы жаңа пункт белгіленген.
Сондай-ақ бұрын 8-ші орында орналасқан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы 12-ші орынға жылжытылды.
Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлары 14-ші орынды Тұңғыш Президент–Елбасы кеңсесі басшысының орынбасарларымен де бөліспейтін болады.
Бұған қоса, 23-1 деген орынды жайлап келген Тұңғыш Президент–Елбасының көмекшілері де билік сахнасындағы беделді тұлғалардың ресми тізімімен қош айтысыпты.
Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қазіргі 10-шы орнынан 15-ші орынға, Үкімет басшысының орынбасарлары 11-ші орыннан 17-ші орынға, Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлары 14-ші орыннан 18-ші орынға, Сенат төрағасының орынбасары 20-шы орыннан 21-ші орынға төмендетілмек.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 27-ші орыннан 30-шы орынға сырғытылды.
Дәл сол сияқты Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі 22-1-шіден 26-шыға, Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы 24-1-шідін 27-ші орынға, министрлер 33-ші орыннан 35-шіге, барлық өңір әкімдері 36-шыдан 38-ші орынға, ал Парламент депутаттарының орны бұрынғы 39-шыдан 42-шіге төмендетіледі.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың мәртебесі 41-ші орыннан 44-ші орынға түсірілді, бірақ оның қасына енді балалар омбудсмені Аружан Саин және бизнес омбудсмені Рустам Жүрсінов қосылып отыр.
Бір қызығы, бұрын бұл тізімді қазақстандық интеллигенция, яғни "Іскер топтардың көрнекті өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері (фамилияларының мемлекеттік тілдегі әліпбилік ретімен)" тұйықтайтын.
Жаңа тізім 51-ші орындағы "Қазақстандық саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен" аяқталады.
Жаңа Қазақстан діндарлардың ықпалынан іргесін аулақ салуы ғажап емес. Себебі, тізімде бұрын 45-ші орында болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі және православ шіркеуінің Астана мен Алматы архиепископы алып тасталды. Олардың мемлекетішілік іс-шараларға да, халықаралық жиындарға да қатысуы бұдан былай міндетті болмайтын түрі бар.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.