«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 4 тамыз, 2023

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш Кекілбайұлының қанатты сөзі бар. Кітаптың қадір-қасиеті туралы қаншама ғұлама ежелден бері айтып келеді. Кітап қоры мол, кітапханасы бай елдің еңсесінің түскенін көрмедік. Қазақстанда қазіргі таңда 3 920 кітапхана жұмыс істеп тұрса, сол кітапханаларда мыңдаған кітапханашылар оқырманға қызмет көрсетіп келеді. Сырттай қарапайым көрінетін осы жұмыстың өзіндік қиындығы да жоқ емес. Кітапханашының бір күндік жұмысымен танысу үшін El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына барып, бір күн «жұмыс» істеп қайтты, деп хабарлайды Turkistan Today.

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана цифрлы және электронды контент бойынша өзгелерден дараланып тұрады. Ішкі жүйесі, жұмыс тәртібі осы негізге қарай жасақталған. Қазіргі таңда «Қазақстандық электрондық мемлекеттік кітапхана қоры» (kazneb.kz) жобасын жүзеге асырып отыр. Кітапханада оннан астам бөлім жұмыс істейді. Бүгінгі кейіпкеріміз –  ақпараттық-библиографиялық бөлімнің қызметкері, 20 жылдық тәжирибесі бар сақа маман Құсайынова Айман Есенжолқызы.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Кітапхана табалдырығын аттаған оқырман әуелі тіркеу бөлімінен өтеді. Оқырман куәлігі жоқ болса сол жерден алады. Өзінің көздеп келген кітабына тапсырыс беру үшін келесі кезекте ақпараттық-библиографиялық бөлімнің қызметіне жүгінеді. Сізді кітапхананың екінші қабатынан іздеген кітабыңызды табуға көмек қолын созатын Айман Есенжолқызы күтіп алады.

Осы жерден күні бойы оқырмандардың сұрап келген кітабын табуға көмектесіп, тапсырысын қабылдап, оқырман залына жіберіп отырады. Бір күнде бір оқырман 10 кітапқа дейін тапсырыс бере алады. Аз дегенде әр күні 70 оқырман кітапханашының көмегіне жүгінеді. Әркім әртүрлі сала бойынша материал іздеп келеді. Бәрінің ойындағы дүниесі оңай табыла кетпейтіні де белгілі. Оқу басталғанда оқырмандардың саны бұдан әлденеше есе көп болады.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Оқырманды құр қол жібермеуге, іздегенін тауып беруге тырысамыз. Біз маман болғаннан кейін көзінен көре аламыз, оқырман іздегенім табылса екен деп үміт артып тұрады. Үлкен кісілердің кейбірі әңгімелескісі келеді. Кітабын тауып алып, оқып, әңгімесін айтып арқа-жарқа болып қайтады. Оқушы, студенттер, жас мамандар әр саладағы кітаптарды сұрап келеді. Зейнеткерлердің көбі ата-бабасының шежіресін жинақтауға, екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған туыс-туғандары туралы дерек іздеуге келеді. «Боздақтар» кітабы бар, басқада материялдармен іздегенін табуға барынша күш саламыз. Біздің қуаныш – оқырман тілегінің орындалғаны,  деді Айман Есенжолқызы.  

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Кітапхананың виртуалды анықтама қызметіне жататын «Кітапханашыға сұрақ» айдары бар. Бұл жерге оқырман өзі іздеген кітаптары, материалдары жайлы кітапханашыға сауал жолдай алады. Айман Есенжолқызы күнделікті оқырмандардан сұрақ түскен-түспегенін қадағалап, сұрақ келсе жан-жақтылы зерттеп жауап беріп отырады.

Күніне 2-3 сұрақтан, кейде 5-6 сұрақтан түсіп тұрады. Әркім әртүрлі сұрақ қояды. Оған мамандар міндетті түрде тыңғылықты іздеп, электронды нұсқасы болса сілтемесін жібереді. Сұрақтар шетелден де келеді. Ұлттық кітапхана бай емес деп ренжитіндер де табылады. Бәріне қанағаттанарлықтай жауап қайтаруға күш саламыз. Кейде бір сұраққа жауап беру үшін 3 сағат уақыт кетуі мүмкін. Бір жерден ғана емес бірнеше жерден, жан-жақты іздеп, нақты мәлімет береміз,  деді Айман Есенжолқызы.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Оқырманның ізденіс аясы алуан түрлі. Тереңдеп зерттеген сайын өткен дәуірдің сарғайған парақтарына көбірек жүгінуге тура келеді. Қолыңда жоқ ол құнды жәдігерлерді кітапханадан келіп іздейсің. Айман Есенжолқызы оқырмандардың ертеде шыққан газет-журналды көбірек іздейтінін айтты.

Қазіргі оқырмандар «Егемен Қазақстан» газетінің кеңес кезіндегі сандарын, облыстық, аудандық газеттерді де сұрайды. Солардың қорлары барлығы болмаса да бізде көбі сақталған. Біз керекті материалды сканерлеп оқырманның почтасына жібереміз. Жақында әскери ғылым тақырыбында жазған кітаптар тізімі керек деген оқырманнан сұраныс келді. Каталогтан қарап отырып тек қана кітап емес әртүрлі мерзімді басылымдарда шыққан материалдардың тізімін бердік. Біз қорда барын ғана береміз. Өйткені оқырман келіп пайдаланғанда қолжетімді болуы керек,  деді кітапханашы.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Оқырмандарға каталог арқылы қызмет көрсетумен айналысатын бөлім қызметкерлері және кітапхана қорын молайту үшін жұмыс істейді. Күнделікті шығып отыратын газет-журналдағы жаңа материалдарды каталогқа қосып отырады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жұмыс орнына барғанда Айман Есенжолқызы «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалаларды каталогқа енгізіп отыр екен.

Мен күнделікті «Егемен Қазақстан» газетіндегі барлық мақаланы каталогқа құйып отыруым керек. Бүгін «Ізденіс» журналы мен «Егемен Қазақстанды» алып келдім. Норма бойынша күніне 15 мақала құюым керек. Кейбір кезде қосымша жұмыстардың шығуына байланысты ол норманы орындай алмай қалуым мүмкін. Мысалы, қазір міне сізбен сұхбаттасып отырмын. Оның өзі – уақыт. Мақаланы құюдың өзі үлкен басқышты қажет етеді. Бір мақаланы жүктеуге 15-20 минут уақыт кетеді. Тақырыбын, не туралы, қандай салаға жатады, қысқаша мазмұнын, кілт сөздер жазамыз. Мен көбінде ғылыми тақырыптарды қалдырмай жазуға тырысамын. Біздің жазғанымызға байланысты оқырман іздеп табады. Сондықтан бұл жерде сауатты маман отыруы керек. Бір әріптен қате жіберсе оқырман іздегенде табылмай қалуы мүмкін. Әрбір үтір-нүкте үлкен рөл ойнайды,  деген Айман Есенжолқызы бір мақаланы жүктеп көрсетіп берді. 

Бұл бөлімдегі әр кітапханашы әртүрлі газет-журналдармен жұмыс істейді. Сонымен бірге ғылыми орталықтардың, университеттің, академиялардың архивтің хабаршысын міндетті түрде салып отырады. Ғылыми тақырыпта жазылған мақалаларға, әдебиет, өнер, спорт саласындағы еңбектерге ерекше көңіл аударады. Кітапханада авторлық құқығы бар авторлардың шығармасының электронды нұсқасын kazneb.kz-ке жүктеп отырады.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Сонымен бірге бұл бөлімнің кітапханашылары библиографиялық көрсеткіш жасаумен айналысады. Әр кітапхананың ақпараттық – библиографиялық бөлімі, кітапхананың «миы» болып саналатыны белгілі. Мысалы сіз Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын зерттеп жүрген болсаңыз кітапхана жасаған библиографиялық көрсеткішке қарасаңыз қай жылдары қандай шығармалары жарық көргенін, жазушы жайлы қандай еңбектер жазылғанын толық қанды көре аласыз.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Бұл үлкен еңбекті, табандылықты қажет ететін жұмыс. Белгілі бір жазушының өмірінде жарық көрген барлық әдеби мұрасын жинақтап шығу оңай емес. Кейбір жазушылардың еңбектерінің соңында қай жылы, қандай басылымда жарық көргені жазылады. Біз сол басылымды тауып ақпаратты нақтылаймыз,  деді кітапханашы.

Ақпараттық-библиографиялық бөлім қызметкерлерінің және бір жұмысы – жылдық күнтізбе жасау.

2024 жылғы күнтізбені қазір дайындап жатырмыз. Қандай мерейтойлар, мерекелік күндер бар, соның бәрін қамтыған үлкен кітап шығады. Біздің бөлім осы жұмыспен де айналысады. Ол бүкіл обылысқа пайдалы ақпарат болады,  деді кітапханашы.

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Осылайша келер жылғы мерейтойларға, атаулы күндерге осы күнтізбенің көмегімен дайындалады. Сол кезде ешқандай тарихи сәт назардан тыс қалмайтын болады.

Міне, кітапханашы бір күннің ішінде оқырманға қызмет көрсетумен, сұрақтарға жауап қайтарумен, газет-журналдағы материалды каталогқа тіркеумен, библиографиялық көрсеткіш, жылдық күнтізбе жасаумен айналысады.  

«Біз де оқырманмен бірге ізденеміз». Кітапханашының бір күні

Біз бір ғана бөлімнің қызметімен таныстық. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында дәл осындай оннан астам бөлім бар. Әр бөлімнің қызметі, істеп жатқан жұмысы әртүрлі. Оқырманның деңгейі жылдан жылға көтеріліп, қатары молайып келеді. Кітапханашыларға да қойылатын талап жоғарлауда. Қарапайым әр кітапханашы өзінің табанды еңбегі арқылы қалың оқырманға жақсы мүмкіндік жаратуда.

818

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.