Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мұнайшылар қызмет ететін сервистік компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етті, деп хабарлайды Turkistan Today.
Ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында маңғыстаулықтардың қордаланған мәселелерін атап, оны шешу жолдарын ұсынды. Облыстағы жұмыссыздық пен еңбек даулары мәжілістің 7-ші шақырылымында да көтерілгенін айтты. Алайда жауаптылар тарапынан жүйелі жұмыстар жасалмағанын алға тартады депутат.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша Маңғыстау облысында мұнай компанияларына қызмет көрсететін серіктестіктер жыл сайын өткізілетін тендерлік конкурстан зардап шегіп отыр. Егер қандай да бір кәсіпкерлік қызмет көрсетуге келісім шарт ала алмай қалса, онда қарамағындағы мамандар жұмыссыз қалып жатады. Сондықтан мәселені шұғыл тұрде шешу қажет.
"Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына Әл-Ауқат Қоры» өздерінің Ережелеріне келесі өзгерістерді шұғыл түрде енгізу қажет деп есептейміз. Бірінші, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.
"Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер? Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең "қолымызды мезгілінен кеш сермедік" деп жүрмеңіздер",– деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Күні кеше елордада Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың энергетика министрлігінің алдындағы наразылық акциясына депутаттың "шықпау" себебін "кабинетте шешілетінін" айтқан болатын.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.