Көкшетауда КИСИ GPS алаңында сарапшылар қоғамдық бақылаудың рөлін талқылады

Жаңалықтар 8 сәуір, 2025

Көкшетау қаласында «Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асуы: қоғамдық қатысу және бақылау» тақырыбында КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat ұлттық сараптамалық алаңының отырысы өтті,- деп хабарлайды turkistan.today 

Іс-шара барысында Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру жолдары талқыланды. Азаматтық қоғамның қоғамдық қатысу мен бақылаудағы рөліне, сондай-ақ мемлекет пен халық арасындағы өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, сараптамалық орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ білім беру, азаматтық қоғам және өзге де салалардағы сарапшылар қатысты.

Отырысқа қатысушыларға онлайн форматта Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов сөз сөйледі. ҚСЗИ басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысының Бурабайда өтуі өңірлердің елдің орнықты дамуындағы маңызды рөлін көрсететінін айтып, Президенттің: «Күшті өңірлер – қуатты ел»деген сөздерін еске салды.

Е. Тұқымов өткен аптада Ұлттық құрылтай бастамаларын жүзеге асыру жоспары бекітілгенін атап өтті.

«Бұл – жүйелі өзгерістерге бағытталған нақты қадам. Алайда оның тиімділігі қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты. Азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы ғана емес, оларды жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылау мен мониторинг тетіктерін дамыту да маңызды. Бүгін біз осы мәселелерді ашық, кәсіби әрі сындарлы түрде талқылау үшін жиналып отырмыз. Жергілікті деңгейде халықтың қатысуын қалай күшейтуге болады? Қолданыстағы кері байланыс пен бақылау құралдарында қандай кедергілер бар? Азаматтық әлеует аймақ пен бүкіл елдің игілігіне қалай жұмыс істей алады?», – деді ҚСЗИ директоры.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуовөз сөзінде өңірлерді орталықсыздандыру және олардың бюджеттік дербестігін арттыру соңғы жылдардағы өңірлік мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы әр өңір үшін өсу нүктелерін айқындайтын Өңірлік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Атап айтқанда, Ақмола өңірі мектептердің жеткіліксіздігі, жол сапасының төмендігі және желілердің тозуы сияқты мәселелерді шешуі қажет.

«Тұжырымдамада салықтардың бір бөлігін жергілікті деңгейге беру арқылы өңірлердің экономикалық және бюджеттік дербестігін одан әрі арттыру қарастырылған», – деді ҚСЗИ директорының орынбасары.

Қоғамдық бақылау институттарын күшейту қажеттігіне тоқталған Н. Сақуов мәслихаттардың жергілікті бюджеттерді талқылау мен бекіту үдерісіндегі маңызды рөлін атап өтті.

«Менің ойымша, мәслихаттардың аппараттарын күшейтіп, оларды сараптамалық ресурстармен қамтамасыз ету, әсіресе бюджет қабылдау үдерісіндегі ашықтықты арттыру қажет. Мемлекет басшысы ұсынған: «ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын өңірлік деңгейде де қолдануға болады. Бұл атқарушы органдардың жергілікті өкілді органдарға есеп беруін қамтамасыз етеді», – деді Н. Сақуов.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.