Қарақат Әбден «ауылдық коэфициенттен» қалыс қалған мұғалімдер мәселесін көтерді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Саясат 15 ақпан, 2024

Елімізде ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда жиырма бес пайызға көтерілді. Депутат Қарақат Әбденнің айтуынша, бұл заң жобасынан тыс қалған мәселе бар, деп Turkistan Today хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты өз сауалында мәртебесі «қала» немесе «кент» мәртебесіне ие болған елді мекен мұғалімдерінің жағдайына тоқталды.

Тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі «қала» немесе «кент» статусына ие болған елді мекен мұғалімдерінің жағдайы заңнамадан тыс қалған. Барлық критерий жағынан ауылдық елді мекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдер заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем – «ауылдық коэфициентке» қол жеткізе алмай отыр. Яғни олар тұратын елді мекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде «қала» немесе «кент» болғанымен, іс жүзінде ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл, - деді депутат.

Сөзіне тұздық ретінде Ұлытау облысындағы бірнеше қаладағы мектеп мұғалімдерін келтірген. Себебі жалақысын арттыру үшін ұстаздар көрші ауылдардағы мектепке барып сабақ беретін көрінеді.

Ұлытау облысы Қаражал қаласы тұрғындарының саны 8 мың адам, ал Жәйрем кентінде 9 мың халық тұрады. Осы елді мекендерден 20 шақырым жердегі «Жеңіс» ауылының мұғалімдері «ауылдық коэффициентті» алады. Ал облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым, Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқан Қаражал мен Жайрем кенттерінің мұғалімдері аталған үстемақылардан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді тағы да басқа мүмкіндіктерден айырылған. Сол себепті де, мәселен, Жәйрем кентінің мұғалімдері көршілес ауылдарға жұмыс ауыстырады екен, - деді Әбден.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, «Ауыл» партиясы еліміздегі 10 мыңға адамға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар шағын қалалар бойынша мәселені мұқият зерттеген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елімізде халық саны 10 000 адамға жетпейтін 36 елді мекен – кенттер мен шағын қалалар есепке алынған. Ол жерде 70-тен астам жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп бар. Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалардың мұғалімдерін қолдау қажет деп есептейміз. Яғни шалғайдағы мектептердің барлық белгілері бар, концепцияға толықтай сәйкес келетін елді мекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қолжетімді болу тиіс, - деген ұсынысын жеткізді.

Қарақат Әбден, егер бұл ұсыныс оң шешімін тапса, кішкентай «кент», «қала» мәртебесі бар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп отыр.

Сөз соңында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновадан әкімшілік мәртебесі «қала» не «кент» болғанына қарамастан, кәдімгі ауыл тірлігін кешіп отырған шалғайдағы елді мекен мұғалімдері үшін «ауылдық коэффициентті» енгізуді сұрады.

3.1k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.