Қай сөзбен бастасаң міндетті түрде қабыл болатын дұғаны білесіз бе?

Қай сөзбен бастасаң міндетті түрде қабыл болатын дұғаны білесіз бе?

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Алғашқы мұсылмандардан болған Са’д ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді:

Бір күні Пайғамбар мешітінде Хазіреті Османның (р.а.) жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем бердім. Алайда, Осман жүзіме қараған күйі сәлеміме жауап бермеді. Мен де Мү’миндердің Әміршісі Хазіреті Омарға (р.а.) барып:

– Уа, Мү’миндердің Әміршісі! Ислам түсінігінде қандай да бір өзгеріс бар ма? – деп сұрадым. Бұл сұрағымды екі рет қайталадым. Омар (р.а.) да:

– Жоқ. Өзгерген ештеңе жоқ. Не боп қалды? – деді. Мен де:

– Жоқ, маңызды ештеңе жоқ. Тек жаңа ғана мешітте Осман бин Аффанның жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем бердім. Ол болса маған тесіле ұзақ қарап тұрып, сәлемімді қабыл алмады, – дедім. Сол кезде Хазіреті Омар Османды жанына шақырып келу үшін хабаршы жіберді. Омардың (р.а.) шақыруына келген Османға (р.а.):

– Бауырың Са’дтың берген сәлеміне неге жауап бермедің? – деп сұрады. Осман:

– Ондай ештеңе болмады, – деді. Сол кезде мен де:

– Жоқ, Осман сәлеміме жауап берген жоқ, – деп сөзге араластым. Бұған Осман тағы да:

– Ондай ештеңе болмады, – деп алдыңғы сөзін тағы қайталады. Мен де қайтпай: «Сәлеміме жауап қайтармады», – дедім. Шамалы уақыттан кейін Османның есіне түсіп:

– А, енді есіме түсті. Дұрыс айтады. Бұл қылығым үшін тәубе етіп, Алладан кешірім тілеймін. Осыдан біршама уақыт бұрын сен қасымнан өткен едің. Дәл сол уақытта Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естіген бір хадисті ойлап отыр едім. Пайғамбарымыздың сөзі есіме түскенде құдды көзім мен жүрегіме перде тартылғандай болды. Көре алмайтындай, ести алмайтындай болдым да қалдым.

Са’д ибн Әбу Уаққас сөзін әрі қарай жалғап:

Сол кезде мен оған:

– Олай болса, ол сөзді саған мен айтайын, – дедім де мынаны айттым:

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) ең маңызды дұға жайында айпақ болды. Сол сәтте бір бәдәуи келе қалды да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) соның шаруасымен сөйлесіп кетті. Содан соң Аллаһ Елшісі (с.а.у.) орнынан тұрып үйіне қарай бет алды. Мен де артынан ілесіп бардым. Үйіне жақын қалғанда, кіріп кете ме деп, аяғымды дауыс шығара баса түстім. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.) кері бұрылып:

– Кімсің? Сенбісің Әбу Ысқақ? – деді.

– Иә, менмін, уа, Алланың Елшісі!

– Аманшылық па? Не боп қалды?

– Аманшылық. Тек бағана бізге маңызды бір дұға жайында айтпақ болған едіңіз... Алайда, әлгі бәдәуи келіп сіздің сөзіңізді бөліп кетті те, сөзіңізді бітіре алмадыңыз, – дедім.

– Иә, айтпақшы... Айтпақ болғаным Юнус пайғамбардың (а.с.) балықтың қарнында болған кезінде айтқан дұғасы еді. Ол: «Уа, Аллаһ! Сенен өзге ешбір құдай жоқ. Өзің барлық кемшілік атаулыдан пәксің! Шынында мен өзіме зұлымдық еткендерден болдым», – деп дұға еткен («Әнбия» сүресі, 87-аят). Бір мұсылман дұғасын осы сөзден бастайтын болса, Аллаһ Тағала оның дұғасын міндетті түрде қабыл етеді», – деді (Тирмизи: Дағауат, 82; Ахмад бин Ханбал: Мүснәд, І, 170).    

Дұғаның арабшасы:                

لَا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنتُ مِنَ الظَّالِمِينَ 

Транскрипциясы:

Лә иләһә иллә әнтә субхәнәкә иннии кунту минәз залимиин

Ақпарат: www.ihsan.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0