Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі: қалыптасу кезеңі мен даму келешегі

Фото: eldala.kz
Фото: eldala.kz
Дін 20 қыркүйек, 2024

Съез қызметі 2023-2033 жылдары келесі үш бағытта өрбімек

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі халықаралық қатынастар жүйесіне орасан салмақ түсіріп, сын – қатерлер ала келген кезең ретінде тарихқа енгелі тұр,-деп хабарлайды turkistan.today

Өкінішке қарай, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің оларға уақтылы әрі тиісті жауап қата алмауынан, түрлі деңгейдегі шиеленістер мен қақтығыстар одан әрі ушығып, қарулану үдерісі қайта күшейіп барады.

Түрлі сипаттағы антогонизмнің артып, кикілжіңдер масштабының кеңеюіне әдетте себеп көп. Алайда, олардың үлкен бөлігінің бастауында діни, іс жүзінде өркениеттік айырмашылықтар тұр.

Осы ретте, белгілік америкалық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы ғалым – Сэмюэл Хантингтон «Бұл жаңа әлемде неғұрлым масштабты, маңызды әрі қауіпті қақтығыстар әлеуметтік таптардың, кедейлер мен байлардың арасында емес, түрлі мәдени сәйкестіліктегі халықтар арасында орын алады», - деген болатын. 
Қазақстанның бастамасымен 2003 жылы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – сол дінаралық және ұлтаралық диалогты қалыптастыруда маңызды іс атқарып отырған халықаралық форумдардың бірі.

Съезді негіздеудегі мақсат -  халықаралық қауымдастықта қалыптасқан  күрделі ахуал жағдайында халықтарды қоғамдық келісім, діни төзімділік пен бейбітшілік, адамгершілік құндылықтары идеялары төңірегіне біріктіру болды.

Сол мақсатта 2003-2023 жылдар аралығында Съездің 7 отырысы өтті.  Бірінші Съезге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен, 17 діни конфессияның өкілдері қатысса, 2022 жылы қазанда өткен соңғы VII Съезге 50 мемлекеттен барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің, діни бірлестіктердің, халықаралық ұйымдар өкілдерінен (ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм, зороастризм, жайнизм) құралған 100-ден астам делегация  қатысқаны белгілі. Бұл жыл өткен сайын Съездің абыройы мен маңызы артып, әлемдік сұранысқа ие болғандығын көрсетеді. 
Жалпы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өзара пікір алмасуын, диалогқа келуін қарастырғанда, тақырыптың идеясы - ұлтаралық және дінаралық татулықты ту қылып ұстанған еліміздегі мемлекеттік саясаттың моделіне негізделгенін айту қажет.
Жиынның халықаралық аренадағы 20 жылдық тарихына көз жүгіртер болсақ, ондаған маңызды құжаттарға қол қойылғанын, конфессиялардың өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық ынтымақтастығына тиісті серпін берілгенін,  сонымен қатар, бастысы әлемдік дінаралық диалогтың жүйелі дамуына үлкен үлес қосқанымызды айта қажет. Ең маңыздысы – осы жылдары Съез халықаралы алаңша ретінде өзінің өзектілігі мен қажеттілігін көрсетті.

Дей тұрғанмен, кез – келген халықаралық ұйымның жұмысында өткенге есеп берумен қатар, қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып келешекке жоспар құру мен жұмыс тәсілдерін қайта қарастыру оның қызметі үшін стратегиялық маңызды.

Осыған ерекше мән берген Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге рухани басшылардың да сүбелі үлес қоса алатынына назар аударып, Съез жұмысына жаңа бағыт беруді тапсырғаны белгілі. Атап айтқанда, өзінің 2022 жылы қазанда өткен VII Съез отырысында Президент «2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту Тұжырымдамасын» әзірлеуге тапсырма берді. Өз сөзінде Президент «Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды.

Бұл Тұжырымдама форумымызды одан әрі нығайту және ықпал ету үшін нақты қадамдар мен кезеңдерді қамтуы керек. Біздің міндетіміз – өркениеттер арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету және ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту», – деп, болашақтағы нақты іс-шараларға назар аударуға шақырды.
Нәтижесінде, жиынның келешек бағдары мен жұмыс тәсілдері айқындалған Тұжырымдама қолға алынды.

Араға жыл сала, Съез Хатшылығының басшысы,  ҚР Сенатының Төрағасы - Мәулен Әшімбаев 2023 жылы 11 қазанда Съез Хатшылығының ХХІ отырысында сөйлеген сөзінде халықаралық алаңша ретінде оның өткені мен даму жоспарына қатысты «Тұжырымдама жобасындағы басты жаңалық – біздің Съездің миссиясын кеңейту...Алдағы жылдары Съез дінаралық диалогты дамытуға және нығайтуға бағытталған күш-жігерді жалғастырады. Сонымен қатар біз рухани дипломатияда үлкен әлеуетті көріп отырмыз» - деп, кезекті рет жиынның еліміздің ішкі дамуымен үндес, етене құрамдас екенін білдірген болатын.

Тұжырымдама Съез Хатшылығының жұмыс органы болып саналатын «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ тарапынан жан-жақты мұқият қарастырылған құжат ретінде әзірленіп, 2023 жылы қазанда Астанада өткен Хатшылықтың кезекті XXI-ші отырысында бекітілді. Съездің даму Тұжырымдамасы -  адамзат болмысының мызғымас қағидаттары ретінде өзара сыйластықты, бейбітшілік пен келісімді, діндер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы диалог пен өзара ынтымақтастықты дамытуға, келіспеушіліктер мен қақтығыстарды келісім мен ымыраға келу негізінде шешу мәдениетін ілгерілетуге оң ықпал етері анық.
Жалпы алғанда Съез жұмысының бірінші онжылдығында көпжақты дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуды әлемде мейлінше ілгерілетуге пәрмен берілген болса, келесі онжылдықтағы жұмыс бағыты мен атқарар шаралар Тұжырымдамада көрініс тапқан.

Оған сәйкес, Съез қызметі 2023-2033 жылдары келесі үш бағытта өрбімек:
1.    Өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, дінаралық форумдарды дайындау және өткізу;
2.    Съездердің декларацияларын жүйелі іске асыру негізінде қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу.
3.    Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестікті нығайту.

Осылайша рухани көшбасшылардың жиыны халықаралық қоғамдастықта өз қанатын кеңге жая түспек. Әр үш жылда шақырылатын Съез жұмысы келешекте де ашық пікірталас пен сындарлы диалогқа негізделген жалпы демократиялық құндылықтарды сақтау шеңберіндегі дамуын жалғастырмақ. Дей тұрғанмен, жиын жұмысына едәуір серпін берер кейбір қосымша тармақтардың қосылғандығын атап өту керек. Мәселен, алдағы уақытта әр форумның қорытындысы бойынша түзілетін «Жол картасын» тың үрдіс ретінде қабылдау қажет. Сөз болған құжат әрбір Съездің декларацияларын ілгерілету мен іске асырудың жаңа тетігі ретінде қабылданып, рухани басшылардың форумда ұсынған пікірлері мен тезистерін  тікелей жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл жаңашылдықтың келешекте форум жұмысына іргелі өзгерістер әкелеріне сенім жоғары.

Тұжырымдамадағы мән беретін тақырыптардың бірегейі – басымдықты жастарға беру. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жастардың оқу – тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді», - деген.  Съез бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шаралар кешенін өткізу жоспарланып отыр. Жас көшбасшыларды Съез қызметіне тарту жолға қойылған өркениетаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін келешекте де сақтаудың кепілі деп білемін. Сонымен қатар, аталмыш қадам арқылы Съезге қатысушылар жастарды экстремистік идеологиялардың ықпалынан, радикализмнің таралуынан қорғап қалуды маңызды міндет санайды. Съез құрылымы қазіргі жас  ұрпақты толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында жастардың халықаралық диалогы мен ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететін болады. Сол мүдде жолында Съез дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті ілгерілету үшін діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және басқа да ұйымдармен ынтымақтаспақ.

Аталған іс-шаралар арнайы қабылданған «Жол картасы» құжатына сәйкес жүргізіліп, сол мақсатта онлайн/офлайн форматындағы халықаралық кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, көрмелер, семинарлар, сонымен бірге өңірлік дінаралық конференциялар өткізу жоспарланған.

Абыз жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - дегеніндей, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметін БАҚ арқылы әлемдік медиа орталықтарына шығару мақсатында халықаралық рухани білім онлайн-орталығы құрылып, ағымдағы жылы Н.Назарбаев орталығы ресми сайтының базасында Съездер мен Хатшылық материалдарының, қатысушылардың, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың баяндамалары мен еңбектерінің, діни мәтіндердің электрондық кітапханасын құру қолға алынып, өз жұмысын жүргізіп жатқанын айта кету қажет. Өз кезегінде  аталған электронды кітапхана дінді, дінаралық диалогты және мәдениетаралық ынтымақтастықты зерттеу үшін маңызды ақпарат көзінің міндетін атқармақ.

Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елі – түрлі конфессиялар мен әр алуан мәдениеттердің тоғысқан мекені. Мемлекетіміз осыған дейін халықаралық сахнада толеранттылықты, дінаралық қарым-қатынасты нығайтқан ел ретінде кеңінен танылды. Мұның өзі мемлекеттік мүддені, сонымен қатар, аймақтағы геосаяси ахуалды ескере отырып, көп жылдар бойы атқарылған жүйелі әрі мақсатты еңбектің арқасы екендігі айқын.

Ағылшынның әйгілі тарихшысы әрі мәдениеттанушысы Кристофер Доусон «...ұлы діндер – ұлы өркениеттердің негізі», - деген екен. Ендеше, мемлекетімізде қолға алынған, ұтымды өткізіліп келе жатқан - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өз басым бүгінгі күні шартарапта тұтанған түрлі сипаттағы қақтығыстардың алдын алудың дұрыс жолы, адамзаттың дініне, ұлтына қарамастан өзара үйлесімділікте өмір сүруінің негізі деп білемін. Ал «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» сол келелі жиынның жұмысына тың серпін береріне сенімдімін.  

С.Р. Егізбаев
«Ауыл» партиясының,
ҚР Парламенті Мәжілісінің  
Аграрлық мәселелер жөніндегі    
комитетінің Төрағасы

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.