Қазақстанның Еуропа чемпионатына жорығы: кездейсоқтық па, жұмыс нәтижесі ме?

Қазақстанның Еуропа чемпионатына жорығы: кездейсоқтық па, жұмыс нәтижесі ме?

Футболдан Қазақстан құрамасына тарихта тұңғыш рет Еуропа чемпионатында ойнауға тамаша мүмкіндік туып тұр. Магомед Адиев баптайтын құрама Еуро-2024-ке іріктеуде Н тобында екінші орында келеді. Төрт кездесуден соң құрамамыздың еншісінде тоғыз ұпай бар. Алдымызда тек Финляндия тұр. Қыркүйектегі алғашқы кездесу де осы елдің құрамасымен өтеді. Маңызды кездесу алдында құрамамыздың футбол тарихына аз-маз көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік, деп хабарлайды Turkistan Today.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанған соң ең алғашқы халықаралық кездесуді 1992 жылы Түрікменстанмен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сол жылы Орталық Азия кубогында екінші орын алдық. Ал ресми бірінші ойын тек 1996 жылғы 14 маусымда өтті. Азия кубогының іріктеу кезеңі аясында Катарды 1:0 есебімен жеңдік. Өкінішке қарай, бұл топтағы жалғыз жеңіс болатын, сондықтан да ірі турнирге жолымыз түспеді.

Сонан соң Қазақстан құрамасы 1998 және 2002 жылдардағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне, 2000 жылы Азия кубогына қатысты. Бірақ мұның ешбірінде көңіл көншітетін нәтиже көрсете алған жоқ. Дегенмен 2002 жылғы әлем біріншілігіне іріктеуде футболшыларымыздың финалдық кезеңге шығуға мүмкіндігі болған. Өкінішке қарай, қосымша көрсеткіштер бойынша Иракка жол бердік.  

2000 жылы құрама үшін тарихи шешім қабылданды. Футбол федерациясының басшылығы бұдан былай Азия құрлығының емес, Еуропа елдерімен иық тірестіреміз деп шешті. Бұл процесс екі жылға созылды. 2002 жылғы 25 сәуірде Қазақстан УЕФА қатарына қосылды. Ауысу жұмыстарына байланысты құрамамыз Азия кубогының да, 2004 жылғы Еуропа чемпионатының да іріктеулерінен құр қалды.  

Кәрі құрлыққа бет бұрғанымыз сол екен, федерация басшылығының шешімін сынағандардың айтқаны айдай келіп, жеңілістен көз ашпадық. 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында 12 матч өткіздік. Олардың нәтижесі мынадай: 1 тең ойын, 11 жеңіліс. Ал доп айырмашылығы – 6:29.

Қазақстанның Еуропа чемпионатына жорығы: кездейсоқтық па, жұмыс нәтижесі ме?

Әрі қарай дәл мұндай сорақы күй кешпесек те, жағдай түзеліп кетті деуге келмес. Ірі турнирлерге қатысудан күдер де үзіле бастаған.

Сол сөне бастаған бастаған үміт оты енді қайта жанып отыр. 2022 жылы құрама тізгінін ресейлік маман Магомед Адиев ұстады. 45 жастағы бапкер қазақ жанкүйерлеріне «Шахтердегі» жұмысы арқылы таныс. Бұған дейін Қарағанды клубында жұмыс істеген ол ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалды.

Жаңа бапкермен құрамамыз Ұлттар лигасында С дивизионының аясында Әзербайжан, Словакия, Беларусьті артта қалдырып, топта жеңіске жетті.

Ұлттар лигасындағы келесі жорығымызды В дивизионынан бастаймыз. Тиісінше ондағы қарсыластар әлдеқайда қарымды.

Шыны керек, құраманың ойынына бапкердің нәтижелі жұмысы ғана емес, футболшылар деңгейінің өскені де әсер етті. Қазақстан чемпионатында бәсекелестік артып, клубтар тұрақты түрде еурокубоктарға қатысып жүр. Одан қалды шетелдік командаларда өнер көрсететін бірнеше ойыншымыз бар: Бахтиёр Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия) және Марат Быстров («Ахмат», Ресей).

Еуро-2024-тің іріктеу циклін жерлестеріміз сәтсіз бастаған. Өз алаңымызда Словенияны ұтып тұрып ұтылып қалдық – 1:2. Есесіне келесі матчта азулы Данияны ұтып сенсация жасадық. Астанадағы кездесуде Магомед Адиев шәкірттері нағыз мінез көрсетіп, жеңісті жұлып алды. Ойынның 35-минутында қарсыластар сапынан Расмус Хёйлунн дубль авторы атанған болатын. Дегенмен 73-минутта пенальтиді тамаша орындаған Зайнутдинов есеп айырмасын қысқартса, көп ұзамай-ақ Асхат Тағыберген алыстан тұрып қақпаны дәл көздеді. Ал 89-минутта Абат Айымбетов баспен гол соғып, құрамаға жеңіс сыйлады. Бұл матч отандық футбол тарихындағы ең үздік ойынның бірі екені сөзсіз.

Қазақстанның Еуропа чемпионатына жорығы: кездейсоқтық па, жұмыс нәтижесі ме?

Кездесуден соң Магомед Адиев жанкүйерлер мен футболшыларға алғысын жеткізді:

Бұл жеңіс – әрбір қазақстандықтың жеңісі, командаға деген сенім үшін алғыс айтамын. Ойыншыларға рахмет! Олар соңына дейін күресіп бақты, мінез көрсетті! Үлкен тарихтың бір бөлшегіне айналатын, сіздерге қуаныш сыйлаған ойын өрнегін көрсете алғанымызға қуаныштымын.

Маусым айының ортасында Сан-Мариноны 3:0 есебімен ұтқан құрамамыз араға үш күн салып Солтүстік Ирландияны жеңді – 0:1.

Еуро жолдамасын қалтаға салу үшін құрама жеңісті жолын жалғастыруы керек. Себебі тобымызда бәсекелестік тым жоғары. Бізден кейінгі орындарда тұрған Дания мен Словенияда 7 ұпайдан бар.

Қазақстанның Еуропа чемпионатына жорығы: кездейсоқтық па, жұмыс нәтижесі ме?

Әлгінде айттық қой, УЕФА-ға қосылуымыздың жемісін енді көре бастадық деп. Ендеше Еуропа чемпионатына қатысу арқылы мықтылардың арасына кездейсоқ тап болмағанымызды көрсететін уақыт келді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
1
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0