Республикалық зияткерлік ойын: 2 миллион теңге үшін 60 команда бақ сынасады

Республикалық зияткерлік ойын: 2 миллион теңге үшін 60 команда бақ сынасады
 
«Aqyl Battle Cup» зияткерлік ойынының финалына әр өңірден 3 команда катысады, деп Turkistan Today хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ел өңірлерінде «Aqyl Battle Cup» ойынының финалдық кезеңіне қатысатын азаматтардың есімдері белгілі болды. Сонымен, зияткерлік сайыстың финалына 14 - 35 жастағы 180 азамат қатыспақ.
«Ойын финалы кезінде біз қатысушылардан 60 команда құрамыз. Осылайша, «Aqyl Battle Cup»-тың үшінші кезеңінде әр аймақтың намысын 35 жасқа дейінгі 3 адамнан тұратын 3 команда қорғайды. Мұндай шешімді біз командалар өз ресурстарын барынша тиімді пайдалана алуы үшін қабылдадық.
Командалардың ойынын қоғам қайраткерлері мен түрлі саладағы сарапшылар бағалайды», - дейді «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігінің атқарушы директоры Бибінұр Шербаева.
Оның айтуынша, өңірлерден «Aqyl Battle Cup»-тың финалдық кезеңіне қатысушылардың жататын орны мен тамақтануына жұмсалатын шығындарды ұйымдастырушылар өз мойнына алмақ. 
Зияткерлік сайыстың жүлде қоры 2,6 млн теңгені құрайды.
«Ойын жеңімпаздары 1 миллион теңгені ұтып алса, ІІ орын иегерлері 500 мың теңгелік  жүлдені еншілейді. Ал ІІІ орын үшін біз 300 мың теңгелік сыйлықты дайындадық. ІV орын алған команда 200 мың теңгеге ие болады.
Сондай-ақ, біз ең креативті топты да марапаттаймыз. Ол 600 мың теңге мөлшеріндегі жүлдеге иеленеді», - деді Бибінұр Шербаева.
Зияткерлік командалық ойынның финалы Республика күні қарсаңында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, «Aqyl Battle Cup» мемлекеттік тілдегі республикалық зияткерлік ойынын «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында «Болашақ Қазақстанға» ҚСБ өткізеді. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылмақ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0