ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Сенат депутаты Асқар Шәкіровтың төрағалығымен шетелдегі отандастарымыз және елге көшіп келгісі келетін қандастарымызды қолдау мәселелері бойынша 7 сәуір күні талқылау өтті, - деп Turkistan Today хабарлайды “Отандастар қорының” баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талқылауға Комитет мүшелерімен қатар «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері мен ұйым жанындағы Қоғамдық комиссияның мүшесі ардагер дипломат, мемлекеттік қайраткер Сайлау Батыршаұлы қатысты.
Талқылаудағы негізгі баяндаманы Қоғам жетекшісі Абзал Сапарбекұлы жасады. Шетелдегі қандастарды қолдаудың заңнамалық негіздері, Қоғам қызметінің басым бағыттары мен атқарған жұмыстары, шетелдегі қазақтар мен отандастарымыздың Қазақстан үшін маңыздылығы турасында айтылды.
Баяндамада ерекше назар шетелдегі этникалық қазақтардың түйткіл мәселелері мен оларды шешудің жолдарына ерекше басымдық берілді.
Атап айтқанда:
- шеттегі қазақтардың этникалық бірегейлігін сақтап қалу тәуекелдері; Осы ретте, олардың ұлттық болмысын сақтап қалу үшін Ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын мәдени шаралармен қатар, оқу-ағарту және тәрбиелік курстарды ұйымдастыруға арналған жобаларды көбейту және қаржылық жағынан қамтамасыз ету;
- көрші елдерге шекаралас облыстардың өңіраралық ынтымақтастықта экономикалық-мәдени әлеуетін толық пайдалану;
- мемлекеттік квота негізінде қандас жастарға бөлінетін гранттардың тиімді игерілмеуі және осы ретте ЖОО қабылдау механизмін өзгертіп, ҰБТ-ның орнына стипендиялық бағдарлама арқылы оқуға қабылдау туралы;
- қандас мәртебесін алу үшін этникалық қазақ екенін растаудың шешу механизмдері;
- әлемнің 40-тан астам еліндегі 200-ге жуық шетелдегі қазақ мәдени ұйымдарының белсенділігін арттыру үшін қолдау көрсету;
- шетелдегі қазақ мектептерінің материалдық және оқулық базасына мемлекетаралық келісім негізінде көмектесу жолдары;
- шетелдегі дарынды және табысты отандастарымызды еліміздің тұрақты дамуына үлес қосуы үшін жобаларға тарту туралы;
Сонымен қатар, елге көшіп келгісі келетін қандастардың азаматтық алу және елге бейімдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Елге келген қандастарымыздың проблемаларының басым көпшілігі әлеуметтік сипатта екеніне назар аударылып, олардың тиімділігі немесе жеткіліксіздігі төңірегінде сөз қозғалды. Осы ретте, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, өз кәсібімен, оның ішінде ауыл және мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау, сондай-ақ солтүстік облыстарға көшу жағдайы сияқты бірқатар мәселелер назарға алынды.
Талқылау барысында Қоғам өкілдеріне Сенаторлар тарапынан өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Жиын қорытындысы бойынша Комитет төрағасы Асқар Шәкіров мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев шетелдегі қандастарымызды қолдап, қамқор болуына ерекше маңыз беретінін, сондықтан шетелдегі отандастарымызға және елге оқуға және көшіп келіп жатқан қандастарға қатысты көтерілген мәселелер назарға алынғанын және алдағы кезеңде оларды шешудің тетіктерін одан ары жүйелендіру бойынша нақты сұраулар салынатынын мәлімдеді.
Осы ретте, Қоғам өз жұмысы аясында Комитеттің қолдауына жүгінуге болатынын және ұлттық мүддеміз тұрғысынан бірге жұмыс жасауға дайын екенін жеткізді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.