Шетелдік БАҚ өкілдері Түркістан облысының туристік әлеуетімен танысты

Шетелдік БАҚ өкілдері Түркістан облысының туристік әлеуетімен танысты
Қазақстанның мәдени және туристік әлеуетін шет елдерде насихаттау және ілгерілету мақсатында елімізге 12 шетелдік БАҚ өкілі келді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Бельгия, Германия, АҚШ, Мексика, Қатар, Араб Әмірліктері, Сауд Арабия, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия жалпы 10 мемлекеттен тілшілер, фотожурналистер, трэвл-блогерлер жиналды. Баспасөз турында еліміздің тарихи, мәдени-рухани нысандарына, киелі жерлеріне, көрікті әрі экотуристік аймақтарына саяхаттауы жоспарланған. 8 тамыз күні Астана қаласында басталған сапар киелі Түркістан өңірінде жалғасты.

Түркістан халықаралық әуежайынан қарсы алған бетте, интерактивті ақпараттық үстелде облыстың туристік әлеуеті таныстырылды. Мұнан соң, олар «Керуен сарай» туристік кешенінде өтетін қайықтардың шоу шеруі яғни «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымын тамашалады.
Бүгін Отырар қаласына жол тартып, Арыстан баб кесенесінде болды. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында ескерткіштер жайлы, ал Отырар қалашағында көне шаһар туралы ақпараттар берілді.
Баспасөз туры Түркістан қаласында жалғасын тауып, сәулетімен талайды тамсандырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. Онда ғұламаның өмірі мен кесененің салыну тарихы жөнінде мәліметтер ұсынылды. Одан кейін «Алтын Самұрық» ұшатын театрда экскурсияға қатысып, 8D форматында Қазақстанның өткені мен бүгініне саяхат жасады. Экран ішіндегі қазақ даласында құстарша еркін самғап, ерекше эмоциямен шығып, таңданысын жасырмады.

— Музейдегі әр жәдігер қазақ халқының өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер беруде. Осы жерге келіп, Түркістанның 1500 жылдан астам тарихы бар екенін білдім. Шынымды айтсам, миыма сан түрлі ақпараттар келуде. Барық мәліметті барынша жазып, түсіріп алуға тырысып жүрдім. Түркістанның тарихи терең. Маған қатты ұнады, - дейді АҚШ-тан келген видеожурналист Джулиана Брост.
Айта кетейік, экскурсияны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, сондай-ақ оған қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының мамандары мен гид-аудармашылар жүргізді. Шетелдік БАҚ өкілдері ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Баспасөз турының қатысушылары Түркістаннан Алматыға аттанбақ.
 «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0