Соңғы жылдары Түркістанның келбеті айтарлықтай өзгерді. Қалада жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен туристік орындар бой көтеріп, инфрақұрылым жаңарып келеді, деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қаланың даму қарқыны күшейді. Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылы Түркістан халқы 165 мың адам болса, 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 228 мыңға жеткен. 2024 жылғы желтоқсанда қала тұрғындарының саны 236 954 адамды құрады. Ал 2026 жылғы тамызда Түркістанда 285 225 тұрғын тіркелген.
Халық санының өсуі жаңа тұрғын үй, мектеп, балабақша, жол және инженерлік инфрақұрылымға қажеттілікті арттырып отыр. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2044 жылға қарай Түркістан халқының саны 400 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Осыған байланысты қала аумағын кеңейту және жаңа тұрғын аудандарды қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алды
Қаланың жаңа келбетінің негізгі белгілерінің бірі – тұрғын үй құрылысының көбеюі.
2025 жылы Түркістан қаласының бюджетіне 128,3 млрд теңге бөлінді. Оның бір бөлігі тұрғын үй құрылысына, жол-көлік инфрақұрылымына, инженерлік желілерге, абаттандыруға және әлеуметтік нысандарға бағытталды.
Сол жылы 70 тұрғын үй немесе 3 560 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы тұрғын үй алаңы 220 317 шаршы метрді құрады. Жыл қорытындысында 33 тұрғын үй, яғни 1 984 пәтер пайдалануға берілген.
Қала дамуының жаңа кезеңінде көпқабатты тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік және коммерциялық нысандарды бір-бірімен байланыстыруға басымдық беріліп отыр.
Жолдар мен инфрақұрылым жаңаруда
Тұрғындар саны артқан сайын көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме де көбейіп келеді. Қазіргі таңда Түркістанда 875 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды.
2025 жылы 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Жұмыстар толық орындалған жағдайда жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 66,7 пайызға жеткізу көзделді.
Білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді
Түркістанда халық санының өсуімен бірге оқушылар саны да артып отыр.
2025 жылы қаладағы мектептерде 55 252 оқушы білім алған. Сол жылы үш жаңа мектеп пен жеті балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 1 200 және 2 000 орынға арналған екі жаңа мектеп іске қосылды. 2024–2025 оқу жылында Түркістандағы 3 063 түлектің 2 468-і ҰБТ тапсырса, олардың 53,1 пайызы мемлекеттік білім грантын иеленген.
2025–2026 оқу жылында қаладағы білім беру ұйымдарының саны 82-ге жетіп, онда 59 772 оқушы білім алды. Оның 38-і мемлекеттік, 44-і жекеменшік білім беру ұйымы.
Туризм – қаланың басты бағыттарының бірі
Түркістанның жаңа келбетін туризмсіз елестету қиын. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи орындар, жаңа туристік кешендер мен қоғамдық кеңістіктер қаланың туристік әлеуетін арттырып отыр.
2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістанға 250 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға көп. Қазір қалада 72 қонақ үй мен орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы – 3 254 төсек-орын.
Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қалада 85 бағыттаушы тақтайша орнатылған, төрт ақпараттық смарт-киоск жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындарының 80 пайызында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәзірлер енгізілген.
2024–2027 жылдарға арналған туристік жобалар қатарында жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 11 жоба бар. Оның сегізі іске қосылған, қалған үш жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Барлық жоба толық жүзеге асқанда 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Туристік инфрақұрылымның ірі нысандарының қатарында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені мен «Rixos Turkistan» қонақ үйі бар.
Қала экономикасы қалай өзгерді?
2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 526,3 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 16,3 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 502,7 млрд теңге болды.
Бұл көрсеткіштер қала экономикасында құрылыс, туризм, қызмет көрсету және өндіріс бағыттарының қатар дамып келе жатқанын көрсетеді.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.