TOP-5: Қазақстандағы тарихи орындар мен ескерткіштер

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркі әлемі 18 сәуір, 2023

 

Бүгін, 18 сәуір - халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осыған орай назарларыңызға  еліміздегі «TOP-5» енген тарихи орындар мен ескерткіштерді ұсынамыз.

1.ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – еліміздегі ең танымал тарихи орындардың бірі және Орталық Азия аумағындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті туындысы.

Әмір Темірдің басшылығымен XIV ғасырда салынған кесене халқымыз үшін киелі орын саналады. Ясауи кесенесінің маңына 24 хан, сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің биіктігі 39 метр. Ғимарат бір бірімен түрлі дәліздер арқылы жалғасып жатқан 35 бөлмеден тұрады. Орталық бөлмеде көне жәдігер - Тайқазан орналасқан.

2.ТАҢБАЛЫ КЕШЕНІ

Көне дәуірден сыр шертетін Таңбалы тастар еліміздің аса маңызды тарихи мұраларының бірі. Ол – Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген тұңғыш ескерткіш.

Таңбалы кешеніндегі петроглифтердің төрт мың жылдық тарихы бар. Ал суреттердің жалпы саны 5000-ға жуықтайды.

Жартастағы суреттер ертедегі адамдардың қоршаған әлемді қабылдауын көрсетеді, дүниетанымын танытады. Петроглифтер белгілі жүйемен және философиялық, танымдық бірізділікке  негізделген.

3.АҚЫРТАС САРАЙ КЕШЕНІ

Қойнауы құпияға толы Ақыртас сарай кешені VIII-XII ғасырларда салынған. Қабырғаларына қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан асады.

Ғалымдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешенін араб деректерінде кезігетін, Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деп болжайды.

 

Аумағы 2,5 жарым гектар жерді алып жатқан бұл нысанның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы, кіреберіс қақпалары, ортада жарты гектар ашық алаңы болған.  

4.«ЖАРКЕНТ МЕШІТІ» СӘУЛЕТ-КӨРКЕМӨНЕР МУЗЕЙІ

Жетісудың жауһары, сәулет өнерінің тағы бір керемет туындысы - «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі. Шегесіз салынған бұл мешіт 1887-1892 жылдар аралығында бой көтерген.

Құрылыс жұмыстары Бейжіңнен шақырылған қытай маманы, инженер – Хон Пиктің басшылығымен жүргізілген.

Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған дуал қоршау енеді.

5.АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

Айша бибі кесенесі — ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші.

Ойып жасалған өрнектердің көркемдігі мен сан түрлілігі жағынан басқа мемориалдық-дәстүрлі ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ.

Кесене туристтерді тек ерекше сәулетімен ғана емес, сонымен қатар Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат хикаясымен де қызықтырады.  

 

Қазақстанда 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар. Оның ішінде 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде, 12 463 ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта тағы 6 тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосуды жоспарлап отыр.

 

ҚР МСМ Баспасөз қызметі

2.7k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.