Түркиядағы қандасымыз депутаттыққа үміткер болып тіркелді

Түркиядағы қандасымыз депутаттыққа үміткер болып тіркелді
Ыстамбұлда тұратын қандасымыз, дәрігер Рашида Юксел Түркия Парламенті депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, сайлауға түспек. 14 мамырда өтетін саяси додаға Рашида ханым қызу дайындық үстінде, деп Turkistan Today хабарлайды Qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап.
Бүгінге дейін ол Ыстамбұл қаласындағы Зейтін-бурну аудандық мәслихатында депутат, биліктегі АК партияның әйелдер ісі жөніндегі комитетінің мүшесі болды. Бұл сайлауда осы АК партия атынан мандатқа таласпақ. Жергілікті сайлау заңнамасына сәйкес Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісіне депутат болу үшін кандидат үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтуі қажет. Рашида Зейнешқызы солардың барлығынан мүдірмей өткен. Енді соңғы кезеңде партиялық тізім бойынша кімнің депутат болатынын партия төрағасы, яғни, ел Президенті бекітеді.

Рашида Юксел, Түркия Парламенті депутаттығына үміткер:

Ыстамбұлда үш учаске бойынша 98 адам Парламент депутаты болады. Сайлау қорытындысы бойынша осы орындар партиялар арасында бөлінеді. Егер мен сайланатын болсам, 70 жылдан бері Түркия Парламентіне өткен тұңғыш қазақ болмақпын. Сондықтан қазақстандық бауырларым да маған тілеулес болса деймін. Егер депутат болсам ең алдымен бауырлас екі ел Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға барынша күш саламын.

Айдос Әшім

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0