Ұлы Дала әуендері Мажарстанда Наурыз мерекесінің сәнін келтірді

Ұлы Дала әуендері Мажарстанда Наурыз мерекесінің сәнін келтірді

Мажарстандағы «Наурыз» мерекесі арқылы қазақтың мәдениеті мен бай дәстүрі көпшілікке танытылды, деп хабарлайды Turkistan Today.

«Арнау» Орал этно-фольклорлық ансамблінің концерттері үлкен Қыпшақ жерінің (тарихи-географиялық аумақ) – Карцаг қаласы мен Мажарстан астанасы Будапештте өтті.

Мәдени іс-шараларды Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Дүйсен Қасейінов Қорының қолдауымен Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі ұйымдастырды.

Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Карцаг және Будапешт қалаларының сахналарында қазақ халқының көрнекті туындылары шырқалды. «Арнау» ансамблі өз өңдеуінде Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көреғұлы», Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйлерін шебер орындады.

Мажар жұртшылығы шығармашылық ұжымның шеберлігіне, қазақ күйінің құдіретіне тәнті болды. Ұлттық аспаптар – домбыра, қобыз, шерте, жетіген арқылы дархан дала тынысын, таудан аққан сарқырама үні мен қарлы боран ызғарын, көктемгі құстардың әнін көрермен жүрегіне жеткізе орындаған ансамбль, жұрт ризашылығына бөленді.

«Arnau» этно-фольклорлық ансамблі – 2018 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында Жастар шығармашылығы орталығы жанында, өңірдің дарынды музыканттарынан құрылған шығармашылық ұжым.

Дүйсен Қасейінов атындағы қордың мақсаты – әлемдік жаһандану жағдайында қазақтың ұлттық музыкасын насихаттау, қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық саз аспаптарын дәріптеу, көрерменнің ұлттық мақтанышын және шет елдерде жүрген отандастарымыздың отансүйгіштік сезімін ояту.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0