Жаңа заң үй иттері мен мысықтарын есепке қоюға міндеттейді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Сараптама 5 шілде, 2023

Жануарларды чиптеу үшін иелері қалтасынан ақша төлейді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Қазақстанда үй жануарлары мен қараусыз қалған жануарларды есепке алу кеңінен енгізілуде. «Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап ит-мысыққа чип имплантациялау немесе белгі салу міндетті. Үй жануарларының басқа түрлерін — сәндік егеуқұйрықтар, аламан немесе ергежейлі шошқаларды тіркеу ерікті. Жүйеге жануар туралы ақпаратты енгізу қазақстандықтар үшін тегін, алайда чип орнату, белгі салу немесе басқа да процедураларды жануар иесі өз қалтасынан төлеуі керек. Мұндай ветеринариялық қызметтерді төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін ғана ерекше жағдай қарастырылған. Ветеринариялық клиникалардың ашық ақпаратына сүйенсек, еліміздің ірі қалаларында чиптеу құны 3,5 мыңнан 8 мың теңгеге дейін ауытқиды.

Міндетті тіркеуді енгізуге дайындық былтырдан бастап белсенді жүргізілуде. Цифрлық экожүйе құрылды — TANBA жануарлар тізілімі бар ұлттық электронды сервис іске қосылды, мемлекеттік және жеке ветеринарлық клиникалардың қызметкерлерін дерекқормен жұмыс істеуге оқыту басталды. Кейбір қалаларда, мысалы, Астанада пилоттық жоба аясында былтырғы 1 қарашадан биылғы 1 қыркүйекке дейін ит-мысықтар тегін чиптелді.

Үй жануарларын есепке алу жұмыстары бұрын да жүргізілген, бірақ ол міндетті емес еді. Адамдар жануарларын шетелге алып шығу үшін немесе олардың қауіпсіздігі үшін өздері чиптеген. Мысалы, иттер қашып кетіп келмей қалғанда тауып алу үшін. Яғни, жоғалған итті тауып алғанжағдайда оның иесін табу оңай болады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭТРМ) Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, былтыр қыркүйек айының соңында елімізде тіркелген ит пен мысық саны 730,7 мың болған. Оның 83,5%-ы немесе 610,2 мыңы үй жануарлары мен қызметтік иттер болса, 16,5%-ы немесе 120,5 мыңы қаңғыбас жануарлар.

Есепке тіркеу Шымкент, Алматы, Жамбыл және Алматы облыстарында белсенді жүргізілді. Барлық тіркелген үй жануарларының 72,7%-ы осы өңірлерде. Тіркелген жануарлардың санына қарағанда, бұл ірі қалалар мен облыстарда тіркеу жұмыстары бір жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келеді. Есесіне Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында мүлде ешқандай жануардың тіркелмеуі өңірлердің жаңашылдыққа дайын еместігіен көрсетеді. Бұл мәліметті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті былтыр 29 қыркүйекте жариялаған және содан бері жаңартылмаған.

TANBA жүйесінде тіркелген жануарлардың ұлттық тізіліміндегі ағымдағы ақпаратқа қарағанда, дей тұрғанмен, аталған өңірлердің жергілікті атқарушы органдары тарапынан жұмыс басталып кетті. 27 маусымдағы жағдай бойынша, 105,1 мың жануардың чиптелгені туралы ақпарат TANBA деректер базасына енгізілген. Оның 2,6 мыңы Ақтөбе облысында, 492-сі Шығыс Қазақстанда, 57-сі Павлодарда тіркелген. Тізілімдегілердің басым бөлігін алматылықтардың үй жануарлары құрайды: оңтүстік астананың ветеринарлық клиникаларында 86,4 мың бас жануар туралы мәлімет енгізілген.

Тізілімде тіркелгендердің негізгі бөлігі ит пен мысық. Мәліметтер қорындағы ерекше үй жануарларының ішінде тек екі қоян, бір күзен және Бублик атты бергштрессер книрт тұқымды ергежейлі шошқа бар. Жүйе тек статистиканы ғана емес, сонымен қатар басқа да мәліметтерді — жануардың атауын, тұқымын, төлқұжат нөмірін, жануардың сәйкестендіру нөмірін, вакцинация және зарарсыздандыру туралы ақпаратты көрсетеді. Меншік иелерінің тегі мен байланысы рұқсат құқығы бар келушілерге ғана (ветеринарлар, панажай қызметкерлері және т.б.) қолжетімді.

Заңның аты айтып тұрғандай, жаңашылдықтардың басты мақсаты — үй жануарларына қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарау, оларды көшеге тастамай, қатыгездікке жол бермеу. Бұзушылықтар жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Заңға тәуелді актілерді, атап айтқанда Үй жануарларын есепке алу ережесін қоғамдық талқылау барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары мәліметтер базасына енгізбеу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жауапкершілік қарастырылғанын айтты. ӘҚБтК-нің 407-2-бабына (1-т. 2-т.) сәйкес, жеке тұлғалардың ережелерді бұзуы 10 АЕК (2023 жылы — 34,5 мың теңге), заңды тұлғаларға — 30 АЕК (103,5 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Заң жобасының бастамашылары жануарларды қорғау ұйымдары. Олар көп жылдар бойы Қазақстанның өркениетті елдер қатарына өтуіне жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, әрбір жануар иесі өз жануарына жауап беріп, ал қаңғыбас иттермен күрес бас салып ату дегенді білдірмейді.

Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу, шын мәнінде, заң шығарушылардың алға қойған басты міндеттерінің бірі. Өйткені қаңғыбас иттердің көбеюіне бұрынғы иелерінің жауапсыздығы себеп. Енді ұстау кезінде көшедегі мысық немесе иттен чип табылса, иесі табылып, айыппұл салынады. Қазақстан ұстанатын жаңа гуманистік бағыт — ұсталған иттерді өлтіру емес, оларды зарарсыздандыру, чиптеу және босату. Жоспарда — жануарларға жаңа ие табатын уақытша мекен және панажай салу.

Бұл жұмыс әлі бастапқы кезеңде. ЭТРМ мәліметінше, былтыр тоғыз айда еліміздің қалаларында 178,3 мың ит пен мысық ауланған, олардың көпшілігі панасыз қалған. Оның ішінде жануарлардың 75,4%-ы немесе 134,4 мыңы өлтірілген. Небәрі 4,8 мың қаңғыбас жануар егіліп, зарарсыздандырылып, босатылды, бұл небәрі 2,7%.

Жалпы, былтырқаңғыбас жануарларды реттеу мәселелерін шешуге өңірлер жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлді. Қаражаттың басым бөлігі жануарларды ұстауға жұмсалды — 1,6 млрд теңге. 20 өңірдің сегізі ғана зарарсыздандыруға ақша бөлді. Жануарларды ветеринарлық клиникаға тіркеуге қазынадан 8,5 млн теңге ғана төленген.

Ұзақ мерзімді жобалар — панажай ме уақытша мекен құрылысы мемлекетке 215 млн теңгеге түседі.

1.8k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.