Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватикан Апостолдық архиві және Ватикан Апостолдық кітапханасы арасындағы 2022 жылы қол қойылған іскерлік-әріптестік келісімдерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстаннан Ватиканға қазақстандық ғылыми делегация келді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды turkistan.today
Қазақстандық делегацияны Ватикан Апостолдық архивінің вице-префекті Доктор Паоло Виан (Dott. Paolo Vian) мен Ватикан архивінің ғылыми қызметкері, профессор Энрико Флайани (Prof. Enrico Flaiani) қабылдады.
Бұл кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы, Қасиетті Тақтың жанындағы, Лихтенштейн Князьдігіндегі және Мальта Орденіндегі Елшісі Қайрат Саржанов, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы, ғылыми жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, белгілі ғалым Қалқаман Жұмағұлов, PhD, профессор Нұртас Абдимомынов, PhD, қытайтанушы Айнұр Әбиденқызы, аға ғылыми қызметкер Бағдат Дүйсеновтер қатысты.
Кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Ватикан кітапханасы мен архив қорларында сақталған құнды қолжазбаларды зерттеу арқылы түркі әлемінің бай тарихын тануға болатынын және оның маңыздылығын, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында Италияға ресми сапары аясында Ватиканға барып, Рим Папасы Францискпен кездесу нәтижесінде қазақстандық ғалымдардың Ватикан мұрағаттары мен кітапханаларын пайдалану үшін келісімге қол жеткізгенін атап өтті.
Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастық қазақстандық ғалымдардың сирек кездесетін қолжазбаларға еркін қол жеткізуіне зор мүмкіндік беретінін және түркі әлемі мен Қазақстан тарихы туралы тың деректер ғылыми айналымға қосылатынын атап өтті.
Кездесу барысында вице-префект Доктор Паоло Виан мен профессор Энрико Флайани қазақстандық делегацияны ерекше ықыласпен қарсы алып, олардың ғылыми бастамаларын қолдауға дайын екенін білдірді. Қазақстан тарапынан ғылыми ізденіске бағытталған жаңа бастамаларға ыстық ықылас танытып, өзара қарым-қатынастар мен ғылыми, мәдени байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.