Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемі өткен жылдан 26 мың гектарға ұлғайтылып, 896 мың гектар жерге егіледі. Оның ішінде, жаздық дақылдар – 518 мың гектар, күздік егіс – 204 мың гектар, ескі жоңышқа 174 мың гектар жерге егілмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды,- деп хабарлайды turkistan.today
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
– Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Кейбір аудандарда жер жырту, сор шаю жұмыстары төмен деңгейде атқарылуда. Мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Өңірлік операторлар арқылы дизель отынын тұрақты босату, қажетті минералды тыңайтқышты ендіру, жоғарғы репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын қадағалаңыздар. Егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары күшейтілуі керек, – деген Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдерінің осыған қатысты уәждерін тыңдады.
Жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Оның айтуынша, бүгінде жер айдау жұмыстары 50 пайыздан асса, сор шаю жұмыстары 30 пайыздан аса орындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, босату жұмыстары басталды. Дала жұмыстарына 25 мың бірлік техника қызмет атқаруда. Осы жылы ауыл шаруашылығы техникалар паркін 6,5%-ға жаңарту көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін 190 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Бағдарламаға өтінім қабылдау басталды.
Тауар өндірушілерде жаздық дақылдардың қажетті тұқым көлемі жеткілікті. Нақтырақ айтқанда, егіске қажетті 4,3 мың тонна бидай, 6,7 мың тонна арпа, 1,8 мың тонна мақсары, 3,6 мың тонна мақта, және 0,9 мың тонна жоңышқа тұқымдары бар. Ал, жүгері және картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынады. Мақта сапасын арттыру мақсатында жоғарғы репродукциялы 3,3 мың тонна мақта шиті Түркия, Өзбекстан, Қытай елдерінен импортталмақ.
Апталық мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындау мәселесі, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыту маусымының жай-күйі сараланды. Ұлттық жобалар аясында атқарылатын жұмыстар пысықталып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.