Түркістан облысы: Отбасылық құндылықтарды арттыру

Түркістан 13 қыркүйек, 2025

Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, бай тарихи және мәдени мұрасы бар аймақ. Бұл облыс отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуға ерекше мән береді. Отбасы – қоғамның негізгі ұясы, ал оның құндылықтары ұлттық тәрбие мен мәдениеттің негізі болып табылады. Түркістан облысында отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған түрлі шаралар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды turkistan.today

Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарламалар үлкен қолдауға ие болып келеді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй сертификаттары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде.

– Тұрғын үймен қамту өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында 14 161 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7 567 отбасы, ал «7-20-25» және «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы 6 594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2 200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде 1 174 коммуналдық тұрғын үймен және 977 ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Одан бөлек, мемлекеттік қолдау арқылы азаматтар ипотекалық баспана алу мүмкіндігін жеңілдетіп, алғашқы жарнаны төлеу мәселесін де тиімді шешуге мүмкіндік алады. Тұрғын үй сертификаттары — бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) осы сертификаттардың мөлшерін және оларды алу шарттарын анықтайды. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары өз жергілікті бюджетіне сәйкес тұрғын үй сертификаттарын ала алады.

Тұрғын үй кезегінің айқын болуы үшін тұрақты түрде түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы 3 818 азамат, ал 2024 жылы 4 599 азамат тұрғын үй кезегінен белгілі бір сәйкессіздіктердің анықталуымен шығарылған. Тұрғын үй кезегі толық электронды форматта жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтар үй кезегін «кезекте.кз» порталы арқылы кез келген уақытта көре алады.

Мониторинг жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, субсидия алып жатқан 5 мыңнан астам отбасыдан кемшіліктер анықталып, келісімшарттары қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз тоқтатылды.

Айта кетейік, тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар өз кезегінен тыс пәтер алмайды немесе өзге адамның орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, кезектің әділ түрде өтуін қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау 12 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына жиі тоқталып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздік отбасыларды анықтайтын жарыс қана емес, бұл – отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық тәрбиеге үлкен үлес қосып жүрген отбасылардың еңбегін елге танытатын үлкен алаң. Түркістан облысы 500 мыңнан аса отбасы қоныстанған өңір ретінде демографиялық өсімі ең жоғары аймақ болып есептеледі. Осы отбасылардың ұйытқысына айналған 187 мыңнан аса көпбалалы аналарымызды мақтанышпен айта аламыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жалпы конкурсқа 198 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 27 отбасы жеңімпаз атанды. Ал, бүгін облыс бойынша үздік деп танылып, жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 3 үздік отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарып отыр.

Конкурс қорытындысына сәйкес 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен I орын Молдабековтер отбасына (Сауран ауданы) бұйырды. II орынды Ширимбаевтар отбасы (Түлкібас ауданы), III орынды Рысбековтер отбасы (Келес ауданы) иеленді.

Жеңімпаз отбасындағы Нұрмахан Молдабеков 90 жаста. Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде дүниеге келген. Зейнеткер, тыл ардагері. Жұбайы Оңласын Жүсіпбаева зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Үлгілі отбасы 2 ұл, 7 қыз, 35 немере, 23 шөбере сүйіп отыр.

Айта кетсек, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өз ісінде өнеге болған, үлгілі отбасыларды насихаттау.

 

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.