Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше,- деп хабарлайды turkistan.today
«Бір бала бар әкеге жете туар, бір бала бар атадан өте туар, бір бала бар атадан кері кете туар» деген халқымызда дана сөз бар. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан.
Тағылымды шара соңында белсенді әкелерге алғыс хаттар табысталды. Сахна төрінде оқушылар өнер көрсетіп, керемет әсер қалдырды. Бұл тағылымды кеш әке мен бала арасындағы байланысты нығайтып, әр отбасының ішкі жылуын, тәрбиелік негізін күшейтетіндігі анық.
Түркістанда өткен бұл мазмұнды жиын ұрпақ болашағына жауапты азаматтарды біріктіретін, ұлттық рухты асқақтататын тағылымды шара болды.
Айта кету керек, жалпы бүгінде Түркістан облысындағы 922 мектепте ата-аналар кеңестерімен қатар, «Әкелер мектебі» жұмыс істейді. Бұл бастама арқылы қоғамдағы әке бейнесін күшейту, жауапкершілігін арттыру, отбасындағы тәрбиені жүйелі ету жолында нақты жұмыстар жалғасып келеді.
Қазақстанда әкелер күні ресми түрде маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн 2023 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға енгізіліп, ресми мереке ретінде белгіленді.
2023 жылғы маусым айында Қазақстандағы мерекелік күндер тізімі жаңа мерекелермен толықты – Аналар күні мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Әкелер күні – маусым айының үшінші жексенбісінде тойланады.
Әкелер күні – әлемнің көп елінде әкелерді құрметтеу және бағалау үшін аталып өтетін мереке. Бұл – әкенің балалары мен отбасының өміріне қосқан үлесін, сүйіспеншілігі мен қолдауын мойындауға арналған күн.
Әкелер күні әдетте маусымның үшінші жексенбісінде, соның ішінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Үндістан және басқа да бірқатар елде аталып өтеді. Дегенмен, нақты күн елге байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл отбасындағы әкенің қамқорлығына және балаларының өміріне жасаған жақсы жағдайы мен әдемі сәттер үшін алғыс айтуға болатын арнайы күн. Әкелер күнінің тарихы ХХ ғасырдың басынан басталады. Әкелер үшін ерекше күн идеясы Америка Құрама Штаттарында Сонора Смарт Додд есімді әйел өзін және бауырларын жалғыз өзі тәрбиелеген әкесіне құрметін көрсеткісі келуінен пайда болды. Оның әкесі Азаматтық соғыс ардагері еді. 1910 жылы Вашингтондағы Спокейн қаласында алғаш рет Әкелер күні аталып өтті және жылдар бойы біртіндеп танымал болды.
«Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Конгресс холл кешенінің директоры Асқар Кенехан «Баланың отбасындағы тәрбиесі» жайында жүрекжарды ойын жеткізсе, қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы Төлімбеттің «Өмірде ұстайтын 7 қағидасы» атты бейнебаяны көрерменге үлкен ой салды.Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке тәрбиесі – деген осы.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.