Түркістан облысы – қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, отбасы институты ерекше қадірленетін аймақтардың бірі. Бұл өңірде отбасы ұғымы тек шағын әлеуметтік бірлік емес, ұлттық мәдениеттің, ұрпақ сабақтастығының және адамгершілік құндылықтардың негізі ретінде қарастырылады,- деп хабарлайды turkistan.today
Қоғамдық ұйымдардың үлесі
Түркістан облысындағы «Отбасы және демография» қоры, «Ана мен бала орталығы», «Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері халықпен тікелей жұмыс істеп, кеңес беру қызметтерін ұсынады. Олар жыл сайын жүздеген отбасына психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмек көрсетеді.
Мысалы, 2024 жылы бұл ұйымдардың бастамасымен 20-дан астам аудандық деңгейде «Отбасылық бақыт формуласы» атты форумдар өткізілді. Форумдарға ата-аналар, педагогтер, дін өкілдері мен жастар қатысты.
Мәдени және рухани бағыттағы шаралар
Түркістан – рухани астана. Сондықтан мұнда өткізілетін көптеген мәдени шаралар отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. «Қыз ұзату салты», «Бесікке салу», «Шілдехана», «Тұсаукесер» сияқты дәстүрлер қайта жаңғырып, халыққа ұлттық тәрбиенің мәні түсіндірілуде.
«Әлем анадан нұр алады» атты мерекелік концерттер мен көрмелерде аналардың еңбегі мен тәрбиелік рөлі кеңінен насихатталады. Ал жастар үшін арнайы «Бақытты отбасы мектебі» жобасы ұйымдастырылып, неке құндылығы мен жауапкершілік туралы дәрістер өткізіледі.
Түркістан облысы бүгінде отбасы құндылығын мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырып отыр. Жүздеген әлеуметтік жоба мен мәдени бастамалар қоғамдағы татулық пен сыйластықты арттыруға ықпал етуде.
Берік отбасы – мықты мемлекеттің кепілі. Сол себепті Түркістан өңіріндегі әрбір іс-шара тек мерекелік сипатта ғана емес, үлкен тәрбиелік мәнге ие. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өңірде отбасылық институт нығайып, ұлт болашағына деген сенім күшейіп келеді.
Айта кетелік, Түркістан облысы, Созақ ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін созақтық 48 отбасы жаңа баспаналарының кілттерін алды. Игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Бұл жұмыстар облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ел игілігіне ұсынылған әр баспана аудан тұрғындарына жайлы әрі заманауи қолайлы орта сыйлайды, – деген облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін де тілге тиек етті.
Жаңа баспаналардың қасбеті біркелкі әрленіп, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтердің жалпы алаңы 71,1 шаршы метрді құрайды.
Сондай-ақ, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұл игі шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылып, балаларға қуаныш пен шаттық сыйлады.
Мерекелік шарада «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева мен Арыс қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков балаларды айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, олардың қуанышына ортақтасты. Шара аясында олар тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылық білдірді.
Мерекелік көңіл-күй сыйлауға келген партия өкілдері балаларға тосынсый жасады. Одан бөлек, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» облыстағы жетекшісі Қалыйма Жантөреева мектеп бітірушілерге өз қолымен өрнек салып тігіп, бітіру кешіне арналған «Бойжеткен» топтамасын табыстады. Сәнді көйлектер мен салтанатты киім топтамаларын алған балалар үлкен қуанышқа бөленді. Аманаттықтар әзірлеген сыйлықтар жас толқынның көңілінен шығып, олар шаттыққа кенелді. Балалар қамқорлық көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті.
Іс-шара барысында партия өкілдері балалар ауылын аралап, тәрбиеленушілердің тұрмысымен, шығармашылық еңбектерімен танысты. Балалар өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын, суреттерін, түрлі жетістіктерін көрсетті.
Айта кетейік, Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында қазіргі таңда 7 отбасы бар, онда 61 бала тәрбиеленуде. Әр отбасы отандық рухани құндылықтарға негізделген, ата-аналық қамқорлықпен құрылған ортада өсіп келеді. Бұл мекеме балаларға тек баспана ғана емес, мейірім мен махаббатқа толы отбасылық ахуалды сыйлайды.
«AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы бұл іс-шара – бала құқығын қорғау мен олардың бақытты өмір сүруіне үлес қосуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.