Түркістан өңірі соңғы жылдары тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік-медициналық салада да айтарлықтай өзгерістер мен жаңашылдықтарға куә болуда. Ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ету — өңір басшылығының басты назарында. Перзентханалар мен перинаталдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне бағытталған жобалар тұрғындардың сенімін арттырып, ана өлімі көрсеткішін төмендетуге, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қабілетін күшейтуге және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің сапасын жоғарылатуға нақты әсер етті,- деп хабарлайды turkistan.today
ERNUR.KZ сайтының мәліметінше, Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар бой көтеруде.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының жұмысын ілгерілету, жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бүгінде Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс орталығында Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен 80 орындық перзентхана бой көтеруде. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру көзделген. Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана құрылысы қолға алынбақ. Мақтааралдағы Атакент кентінде 210 орындық аудандық аурухананың құрылысының жобасы, Ордабасыдағы Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысының жобасы әзірленді. Сауран ауданы, Шорнақ ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Былтыр облыс аумағында жалпы 55 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды. Атап айтқанда, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылды. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, Қазығұрт ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 медициналық пункт, Сауран ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт құрылысы жүргізілді. 2025 жылы дайын ғимаратты сатып алу практикасын қолдана отырып, 32 нысанның құрылысы іске асырылуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2022 жылы Ордабасы аудандық ауруханасы, 2023 жылы Жетісай аудандық орталық ауруханасы, 2024 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы толық күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қазақстан» ауруханасы, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қаратас» ауылдық емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сайрам аудандық орталық ауруханасында және Кентау қалалық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, фельдшерлік акушерлік пункттердің күрделі жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл «Жетісай аудандық «Асықата», Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханалары жөндеуден өтпек. 2026-2029 жылдары облыс көлемінде денсаулық саласында 6 ірі жоба іске асырылмақ. Әлеуметтік нысандардағы құрылыс жұмыстары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті байылауында тұр.
Айта кетелік, былтыр қазанда № 2 Облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді. Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі Эгамбердиевтер отбасы бірден үш перзентпен толықты.
27 жастағы Назима Эгамбердиева екі ұлынан кейін 2 ұл мен 1 қыз босанды. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйлеріне шықты. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 34 аптасында жоспарлы кесір тілігі арқылы дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 2 келі 430 грамм болса, екіншісі – 2 келі 490 гр, ал, үшіншісі 1 келі 730 грам болды. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы мүшелері үшемдерге Хасан, Фатима, Хусан деп есім берді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма берді.
Алдымен аппарат басшысына облыс орталығында салынып жатқан «Ана мен бала» орталығындағы жұмыстар таныстырылды. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан перзентхана – 80 төсек-орындық. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр. Орталық 3,3 гектар аумақта орналасады. Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары жүргізілуде.
Осы күні аппарат басшысы Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта бой көтеріп жатқан оңалту орталығының жұмысымен танысты. Нысанның құрылысын «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүргізуде. Тапсырыс беруші – «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT» ЖШС. Ғимараттың жалпы алаңы — 2 227,41 шаршы метр. Жоба бойынша орталық аумағында балалар алаңшасы қарастырылған. Орталық толық заманауи жабдықтармен жабдықталып, айналасы көгалдандырылады.
Жұмыс барысын пысықтаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғалар мен мердігерлерге құрылыс барысында өңірде шығарылатын материалдарды қолдануды, ғимарат ішін отандық өнімдермен жабдықтауды тапсырды. Нысанды өндірістік кестеде көрсетілген мерзімде тапсыруды міндеттеп, «сақалды құрылысқа» жол жоқ екенін баса айтты. Құрылыс сапасы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында екенін жеткізіп, орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.
Айта кетелік, Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарға 60 жедел жәрдем көлігі тарту етілді
Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік алынып, медициналық мекемелерге табысталды. Жаңа көліктердің жалпы құны – 4,2 млрд теңгеден асады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.