Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория мен федерацияның кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырды қабылдады,- деп хабарлайды turkistan.today
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Кездесуде өңірде футболды дамыту, жасөспірімдер мен жастар арасынан таланттарды тауып, үлкен додаға қосу мәселелері талқыланды. Облыс әкімі қазақстандық ойыншыларға мүмкіндік беріліп, қолайлы жағдай жасалуы керек екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы футбол клубтарын қаржыландыру мәселесін оңтайландыруды және жүйелеуді тапсырды. Легионерлердің көптігі де қоғам назарында тұр. Өңірімізде бұл кемшіліктерді жою бағытында жұмыстар атқарылуда. Жергілікті команданың ойындарын бақылап жүрміз. Осы елдің азаматы әрі футбол жанкүйері ретінде мені ойландырғаны – клубтарымызда шетелдің ойыншылары өте көп. Менің ойымша, Қазақстанның футбол лигаларында қазақстандық ойыншыларға басымдық беріліп, отандық футболшылар ойнауы керек. Сондықтан біз жергілікті клубты дамыту және қаржыландыру саясатын өзгерттік. Елімізде таланттар көп. Біз оларды көрмей жүрміз, сондықтан, өзіміздің футболыларды қолдап, жарқыратып шығаруымыз керек. Сол үшін біз облыста аула футболын дамыту, жасөспірімдер, жастар арасындағы жарыстарды көбейту жөнінде шешім қабылдадық. Футболды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория Түркістан облысы футбол инфрақұрылымын жасақтау мен ізбасар ойыншылар дайындау бойынша елімізде көшбасшылар қатарында екенін айтты. Өңірдегі бастамаларға жоғары бағасын берді. Аймақта спорттық нысандар көбейіп, Түркістанда футболды дамытуға мүмкіндік зор екеніне, ҚФФ тарапынан облыста футболды дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесуде Түркістан облыстық футбол федерациясының басшысы Нұралы Әбішов те футболды дамыту жолдарына тоқталды.
Айта кетейік, Түркістан облысында футбол спортымен 87 ұйымда 13 мыңнан аса бала жаттығуда. Оларға 380 жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақта кәсіби клубтар саны көп, қызығушылық жоғары. Президент тапсырмасына сәйкес, кәсіби клубтарды қаржыландыруды коммерциялық модельге өткізу жұмыстары жүруде. Инвесторлар, демеушілер тартуға басымдық беріледі.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.