Кеңестік дәуірден қалған «города-побратимы» ұғымы – Тұманды Альбион, Франция, Италия елдерінде «егіз қалалар», Құрама Штаттар мен Оңтүстік Азия елдерінде «апалы-сіңлілі қалалар» ұғымына сайса, Германия, Польша, Чехия үшін «серіктестер» сөзі оң жамбасқа келеді екен. Сырдың арғы жағында судан шыққан сұлудай – Самарқан, бергі жағасында түркінің жауһары, қазақтың гауһары – Түркістан жатыр. Тонның ішкі бауындай ежелден тату жұрт. Тек түпкі ниеттің тарихи тағдырластықтан, мәдени тамырластықтан, достық ықыластан туғанын ұғыну ләзім.

 

Кім екеніңді тарих айтады. Барластан шығып бар ғаламды болмаса да, жаһанның жартысын тізе бүктірген, қылышпен қақпа аштырған қатыгез әрі қайырымды Әмір Темір – екі жұртқа ортақ тұлға. Гүлдендірген Темір әулеті, гүлденген Самарқан сәулеті еді. Темірдің ізі тарихта да, Түркістанда да қалды. Мәрт мінезді болмаса, Құл Қожа Ахметке арнап сәулеті асқан, құпиялы, көз тартар кесене салдырар ма еді? Ақсақ Темір деп кемдігін айтқанда, Әмір Темір деп кеңдігін неге айтпасқа? Өзбек елі оған лайық құрметін жасап келеді. Бізде, Түркістан шаһарында өзі болмаса да, көзіндей болып, Темірдің шөбересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайырдың жары Рәбия Сұлтан Бегімнің бейіті Әзірет Сұлтан кесенесі алдында тұр. Күмбезі көк, кесене көп деп көз жұма қарай алмаспыз, ертеден Ұлы даланың қыз-келіншегі тәу ететін қасиетті орын. Әмір Темір Отырар даласында, қазірде бес мың тұрғыны бар Темір ауылында бақиға аттанды. Арыстан баб кесенесінің тарихын тарқатып жатпай-ақ тірелер тұсы Әмір Темірге бас­тап барары анық. Отырар Фараб болды, Фарабта әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дүниеге келді. Оның есімі айтылғанда шығыстың бар жұлдызы бір Ұлықбектің Самарқандағы обсерваториясының аспаны­нан тізбектеле жарқырай бере­тін­дей. Сахаралы сайын далада кім-кіммен жауласпады, кім-кіммен дауласпады. Сыр бойы қалалары бөліп билеген түркі халықтарының әмірлері мен сұлтандары бір-бірімен дос та болды, дұшпан да болды. Алайда тарихтың сын сағатында өркениеттің ортақ жауына біріге қарсы тұрды. Жетісуға енген 50 мың ойратқа Орбұлақта Салқам Жәңгірдің 600 сарбазы мен Жалаңтөс баһадүр бастап келген 20 мың атты әскер қарсы тұрды. Иран шахтарымен Хорасан, Балх үшін болған соғыста Самарқан – Бұхара жұртына 100 мың әскерімен көмекке келген Салқам Жәңгір еді ғой. Расында тарих пен әдебиет парақтарында тұрған ортақ тұлғалар таңдайға түспей жүргені жоқ, жетіліп, жүйеленіп піспей жүргені бар.

Дінің – діңгегің. Самарқанда – әл-Бұхари, Түркістанда – Ясауи. Бірі Құранның қасиетін сезініп, оның хадистерін хақтың тілінен танбай жинақтап жазса, бірі сопылық ілімнің іргесін қалап, қайырымдылықтың ізін санада, жүректерде қалдырды. Құдайы жалғыз, құбыласы бір, болмысы жақын, бұқарасы туыс. Одан кейін білімнің ошағын қалап, шырағын жағуды бұйырған екі жұртқа ортақ қайраткер – Жалаңтөс баһадүр. Сырлы Самарқанды 40 жыл билеп, қала орталығы Регистанда «Ұлықбек» медресесінің жанынан «Шері-Дар» (Арыстан медресесі), «Тіллә Қари» медреселерін салдырды. Сол орталықтарда түркі жұртының талай-талай діндары мен дүлдүлі тағылым алса, бүгінде сол ғимараттардың маңызы мен әсемдігін ЮНЕСКО бағалап отыр. Самарқанның шырақты да шуақты шежіресі, салтанат сымбаты, үзілмеген сәулеті жарқырай көрінсе, Тұранның төсіндегі Түркістан да алты Алаштың екінші Меккесі іспетті.

Өркениет өзіңдегі мәдениет­тен басталып, өзгедегі мәде­ниет­ті құрметтегенде ғана мәнге ие болады. Түркістан – күллі көк түрікке көненің көзі, тарихы тұнған, шежіре нұрдан шомылған кешегі – Шауғар, Яссы, Қазақ хандығының астанасы. Қазаққа – алтын тақ, құт мекен. Қаратаудың етегі, Қарашықтың қабырғасы, Сырдың сырлы сағасы. Самарқан – «Шығыстың маржаны», Өзбекстанның оңтүстік шығысындағы Зараф­шан өзенінің алқабындағы алтын алқа, ертегіден естелікке қалдырылған сипаттар тілге сөз жетпес, көркіне көз жетпес қала. Қос жанарға лайық қос қалаға ортақ сипат жіпке тізсең жетерлік. Құдайдың көзі тура болып, күмбезді Түркістан түлеп «жаңа шаһар» бой көтеріп келеді. Ұлы Жібек жолындағы қос қаланың маңызы тағы артып, даңғыл жолдың жалғанғаны – Самарқанның көк тасы жібігені емес пе?! Самарқанға келген қонақ, Түркістанға неге ат ізін салмасын, тарихтың ізімен жүргенге жол ауыр болмағаны ләзім. Осы ретте үшінші мемлекеттер үшін аймақтық туристік визаны қабылдау мен «Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара» туризмнің «алтын шаршысын» дамыту бастамалары да қос тараптан кең қолдау табуда. Алдағы жылдары Түркістанда әуежай құрылысы аяқталғаннан кейін жол қысқартып, жең ұзартуға көп мүмкіндіктер ашылмақ. Қазірдің өзінде түріктің «Turkish Airlines» әуе компаниясы «Ыстанбұл – Түркістан» әуе жолын ашуға да­йын екендігін мәлімдеді. Қиядан қызық іздеген миллиондаған келушілерге Жібек жолының орта тұсындағы Ежелгі шығыс өркениеті бай тарихы мен бояулы мәдениетін, ғылымы мен өнерін өрістетер күн алыс емес.

Ынтымағы жарасқан ел озады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастар тереңдеп, алдағы бірнеше жылда өзара сауда айналымын 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу межеленген. Екі ел арасындағы та­уарлар мен қызметтер саудасы күн санап артып, өзара өндірістік, көлік-логис­тикалық байланыстар қар­қынды даму жағдайында. Ше­ка­ралық өткізу пункттерінің жұ­мыс­тары оңтайландырылып, олар­дың өткізу мүмкіндіктерін арттыру бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Сонымен қатар қазіргі таңда алпауыт Азия даму банкі «Шымкент –Ташкент – Ходжант» экономикалық дәлізін қалыптастыруға техникалық қолдау көрсету жұмыстарын бастады. Бұл экономикалық дәліздегі Түркістан, Ташкент, Соғды облыстарының экономи­ка­лық, инвестициялық әлеуетін ортақ дамытуға үлкен мүмкіндік тудырмақ.

Еліміздің аумақтық да­муын­­дағы жаңа тәсілдер. Бүгін­де өзінің экономикалық қуатымен бүтін елдерден атағы асып кеткен бай қалалар бар. «Human» – адамзат экономикасы тақырыбы ескіріп, «urban» – қалалар экономикасы әлемдегі ғылыми кеңістікте өте көп талқыланатын тақырыпқа айналды. Өйткені жетекші елдердің экономикасы, көбіне жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады. Міне сол «қалалық даму» тәжірибесінде елуден астам қалалармен серіктес, бауырлас болған мегаполистер баршылық. Саны көп сапасы жоғы да бар болар, бірақ пайдасы шаш етектен болмаса, зияны кемшін. Тіпті тарихтары қанмен де, жанмен де қосылмайтыны бар, Құдай көрші етіп қоспағаны тағы бар. Алайда, сол байланыстың аясында экономика, ғылым-білім, технология, инвестиция, туризм және т.б. түрлі салалар бойынша әлемдік тәжірибеде қалааралық ынтымақтастықтың мың мысалы кездеседі екен. Алысқа бармай-ақ Тараз бен айыр қалпақты ағайынның Ош қаласы, Шымкент пен тәжік ағайынның Ходжанттың бауыр­лас­тығы да ортақ игілік, көпке үлгі. Бәрін буып осылайша «бауырлас» болудың себебін беске толтырдық. Өзбек ағайынға салсам алты болар, жұмылсақ жетіге жеткізерміз. Қазаққа «жеті» қашанда құт!

 

Амалбек Өміртай,

халықаралық экономика PhD докторанты