Соңғы кездері Қазақстан Республикасының көп векторлы сыртқы саясатында өңірлік ықпалдастықты белсене дамыту бағытына баса көңіл бөлінуде,- деп хабарлайды turkistan.today
Бұл ретте, көршілес Орталық Азия өңірімен қатар тарихымыз ортақ, тамырымыз бір, тағдырлас түркі елдерімен жан-жақты байланыстарды ерекше маңызға ие екені сөзсіз. Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан тәрізді туысқан мемлекеттермен өзара тиімді, әрі тең дәрежелі сан салалы ынтымақтастықты ұтымды түрде одан әрі қарай өрбіту мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымы, Түріксой, ТүрікПА, Түркі академиясы, Түркі инвестициялық қоры және тағы басқа сабақтас және еншілес ұйымдар мен құрылымдар құрылғаны белгілі.
Осы орайда, ұйымдарымыздың атауларынан байқағанымыздай, біраз айырмашылықтар бар.Біреулерінде «түрік» деп жазылса, басқаларында «түркі» сөзі қолданылған. Жалпы алғанда, бұл екі атау (түрік немесе түркі) еліміздегі түрколог ғалымдар арасында (тіл мамандары, тарихшылар, саясаттанушылар) болсын, қала берді, зиялы қауым өкілдері арасында осы уақытқа дейін қызу пікірталас туғызуда. Яғни қоғамдық пікір екіге бөлініп отыр. Біреулеріне «түркі» сөзі түрпідей тисе, өзгелері «түрік» атауын қабылдамай, барынша қарсы шығуда. Әр тараптың келтірген кесімді уәждері бар, айтар айғақ-дәлелдері бар.
Шартты түрде айтқанда бірінші топтағылардың пайымдауынша, көне жазба-ескерткіштерде «түркі» емес, бәрінде «түрік/түрк» деген сөздер кездеседі. Әрине, тарихи зертеулерге сүйенсек ғылыми тұрғыдан алғанда мұндай пайымдаулар дұрыс та шығар. Көне замандарда өзге жұрттар (мысалы, қытайлар, парсылар, арабтар, славяндар және т.б.) бізді бір немесе бір-біріне ұқсас тілдерде сөйлейтін тұтас бір халықтың, ортақ өркениеттің өкілі ретінде түріктер деп атағаны рас. Ал, қарсы топтағылардың пікірінше, бүгінгі таңда біз бір-бірімізге тілдеріміз жақын, шыққан тегіміз ортақ болғанымызбен, бұрынғы замандағыдай бір емес, бірақ бауырлас халықтармыз. Сол себептен, «түрік»емес, «түркі» атауын қолданған жөн. Өйткені «түрк немесе түрік» сөзін пайдаланатын болсақ, бәрімізді – қазақтарды, қырғыздарды, өзбектерді және басқа да туысқан халықтарды Түркияға тиесілі деп қабылдайтыны жасырын емес. Мысал үшін, Қазақстанның бастамасымен құрылған Астанадағы «Түркі академиясын», «Түрік академиясы» деп жазатын болсақ, былайғы жұрт оны шатастырып, Түркияның академиясы деп түсінуі әбден мүмкін. Осы орайда назар аударатын жайт, орыс тілінде және ағылшын тілінде «түрік» және «түркі» атаулары екі бөлек ұғымды білдіреді. Орысша: «турецкий» және «тюркский», ағылшынша: «turkish» және «turkic». Яғни егер біз «Түркі әлемі» емес «Түрік әлемі» деп жазсақ, тіпті гугл аудармашының өзі орыс тіліне «Турецкий мир», ал ағылшын тіліне «Turkish World» деп аударады. Осы жерде атап өту керек, бізге жақын өзбек тілінде де «Түркі мемлекеттері ұйымы» деген атау ресми түрде «Turkiy Davlatlar Tashkiloti» болып жазылады.
Қорыта келгенде, «түркі» сөзі тарихи лингвистика жағынан қарағанда жасанды сияқты болып көрінгенімен, саяси-дипломатиялықтерминология тұрғысынан алғанда толық қалыптасқан «политоним» болып табылады. Сол себепті, жоғарыда айтылған уәждерді негізге ала отырып, қазақ тілінде осы нұсқаны қолдануға болады.
Ержан МҰҚАШ,
Түркі мемлекеттері ұйымы
Бас хатшысының экс-орынбасары
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.